Жаңалықтар
2019 жылдың 25 сәуірінде музейде Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, Қазақстан ғылым академиясының академигі Ә.Х.Марғұланның 115-жылдығының аясында «Ғасырлар тұңғиығында» өлкетану сабағы ұйымдастырылды. Әлкей Хақанұлының әсресе, қазақ халқының мыңдаған жылдар қойнауында жасырынып жатқан ежелгі тарихын жарыққа шығарудағы еңбегі орасан, ол отандық археологияның - көне тарих көмбесін ақтаратын ғылымның негізін қалаушы, әрі тұңғыш қазақстандық ұлттық археологиялық экспедициясының ұйымдастырушысы болды.
24 сәуірде қалалық тарихи-өлкетану музейінде №15 мектеп-лицейі жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Оқырман бенефисі» кездесуі өтті.
18 сәуірде қалалық музейде «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының аясында қала жастарына «Бектауатаның сақ қорғандары» тақырыбында кезекті өлкетану дәріс беру жұмысы өтті. Іс-шара барысында студент-жастар Бектауата зооқорығы территориясындағы археологиялық ескерткіштермен танысты. Бектауата өңірінде кең таралған және жақсы сақталған 30-дан аса әр кезеңдерге жататын ескерткіштер бар, олардың негізгісі сақ және қола дәуірінің қорғандары.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, жас ұрпақтың бойында ұлттық сананың маңызды бөлігі ретінде ескерткіштерге қамқорлық көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Қазақмыс» политехникалық колледжінің студенттерінің қатысуымен «Балқаш қаласы тарихының ескерткіштері» тақырыбында қала ескерткіштері мен тарихи орындарына қала көшелеріне экскурсия ұйымдастырылды.
11 сәуірде қалалық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында Балқаш қаласының туған күніне арналған «Фотоальбомдардағы қала тарихы» көрмесі ашылды. Көрмеге қаланың рухани өмірінің қайталанбас сәттері бейнеленіп, фотосуреттерінің жинақтарынан тұратын альбомдар қойылған. Музей қорында 60-тан астам дана фотоальбомдар бар, соның ішінен іріктеп әр саланың тарихын сипаттайтын, 30 – ға жуық альбомдар қойылды. Өндірісті қала тұрғындары үшін мәдени өмірдің алтын ошағы болған бүгінде М. Хамзин атындағы Мысшылар сарайындағы көптеген үйірмелердің, әсіресе, олардың ішіндегі сарайдағы ұлттық өнерді ұлықтаушы өнерпаздардың 1974 жылы сарай сахнасында қойған «Қыз-Жібек» операсының ашылуына опера либреттосының авторы жазушы Ғ. Мүсіреповтың қатысқан сәттері бейнеленген және басқа да суреттер бүгінгілер үшін өткен кезеңдердегі тарихты тануға қолғабыс беретін деректер болып табылады. Көрменің ашылу салтанатына «Балқаштүстіметалл» ӨБ ардагерлері қатысты.
Көрмеге ғарыш әлеміне жол салған адамдар КСРО – ның ғарышкерлері Ю.А.Гагарин, А.А. Леонов, В. Терешковалардың фотосуреттері және Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіровтың 1992-2002 ж.ж. Балқаш қаласында іссапардағы фотосуреттері және Балқаш қаласынан шыққан ұшқыш - ғарышкер Ю.В. Лончаковтың фотосуреті және газет материалдары қойылды.
Наурыз мейрамының мерекелік шаралары қатарында көл жағлауы алаңында аңшылық және ұлттық ит өсіру өнерін насихаттау мақсатында «Жеті қазына» көрме-сайысы өткізілді. Шараға тазы мен төбет сияқты қазақ халқының шаруашылық-мәдени өмірінде ерекше орын алатын ит тұқымдарын асыраумен айналысатын балқаштықтар ғана қатысты.