Музейдің «Қазіргі заман бөлімі» залындағы экспозицияларға орналастырылған тарихи құжаттар мен жәдігерлер, кешегі кеңестік, бүгінде тәуелсіз еліміздегі ірі түсті металлургия өндірісі ошақтарының бірі, ХХ ғасырдың 20 – жылдарының соңындағы Кеңестер одағында басталған индустрияландыру саясатының нәтижесінде негізі қаланған Балқаш тау-кен металлургия комбинаты (бүгінгі «Балқаштүстіметалл» ӨБ) мен қаланың алғашқы құрылысшыларының жанқиярлық еңбегі, күнделікті мәдени – тұрмыстық тіршілігінің жылнамасы іспетті. «Балқаш осылай басталды», «Балқаш қаласының экономикалық - әлеуметтік дамуы», «Болат жолдың бойында», «Түсті металдар өңдеу заводы» ЖШС, «Саяқ кен орны», «Қоңырат кен орны», кеңестік жаңа социалистік қоғам орнату жолында, оның ішінде осы «адамды адамның қанауынан тыс» қоғамның экономикалық негізін құру мақсатындағы еңбекті ұйымдастыру сияқты әлемдегі теңдесі жоқ әлеуметтік экспериментінің көрінісін бейнелейтін «Балқашлаг ізімен» және басқа да тақырыптық экспозициялық құрылымдар өндірісті өлкенің игерілу тарихы мен бүгінгі тынысы жайлы тек түпнұсқалық деректік материалдар мен құжаттар арқылы ғана баяндайды.