Музейдің ең көркем, әрі көлемі мен ішкі мазмұндық кеңдігі, тереңдігі мен толықтығы тұрғысында басты экспозициялық орталығы болып саналатын «Этнография» залы. Бұл залдан дәстүрлі қазақ мәдениетінің асқар шыңы болған Солтүстік Балқаш өңірінің жергілікті тұрғындырына тиесілі, қазақ ауылының бейбітшілік тыныс-тіршілігінің әсем көрінісінің негізі - киіз үйді көруге болады.
Экспозициялық бөлім көрермендерді Орталық Қазақстанға тән қазақтың ұлттық шебер-зергерлерінің түрлі сәндік қолөнер бұйымдарымен, сонымен қатар ертеден келе жатқан қазақ қолөнерінің кейбір дәстүрлерімен таныстырады. Бұлар: оюлы өрнекті текемет, сырмақ, ыдыс салатын аяқ- қаптар, сандық қаптар, қоржындар. Экспозицияда орын алған қолөнер бұйымдары мақпалға, шұғаға, жібекке кесте тігу әдісін жетік меңгерген шебер әйелдер жөнінде сыр шертеді. Ағаш пен сүйекке өрнек салу әдісі қазақ шеберлеріне өте сирек заманнан бері белгілі. Оюлы өрнектеп әшекейленген ағаш заттардың көпшілігі киіз үйде тұрып, оның ішкі көрінісін байыта түседі. Сондықтан да қойылған көне заттар келушілерді қатты қызықтырып, шеберлерге деген құрмет сезімін тудырады. Металды көркемдеп, өңдеу тәсілдері қазақ жерінде ертеден келе жатқан өнер. Зергерлер металды көркем өңдеудің әр қилы түрлерін жақсы біліп пайдаланған. Олардың жұмыстары әдемілігімен, нәзік талғамымен ерекшеленеді. Осы сипатталған экспонаттар мұражайдың этнография бөлімінде әдемі, белгілі бір жүйемен орналасқан және сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс – тіршілігін көрсетіп тұрады.