22 мамырда қалалық музейде биыл 75 жасқа толып отырған ағарту ісінің үздігі Н. Дәкімовамен кездесу болып өтті. Білім беру ісінің ардагерімен кездесуге оның әріптестері, өзінен тәлім алып, жолын қуған шәкірттері, №5 мектеп лицейінің оқушылары мен Балқаш көпсалалы колледжінің студенттері қатысты. Кездесуге орай ұстаздың бай кәсіби өмір жолын ашатын көрме ұйымдастырылды. Жұмыс дәптерлері, жазба кітапшалары, марапаттары, фотоматериалдары, газет қиындылары сияқты 40 жылдық еңбек өтілі бар ардагер ұстаздың өмір жолы жайлы деректер көрме сөрелерінен орын алды. Кездесу барысында бастауыш сыныбының мұғалімі болған Н. Дакімова өзінің мектеп қабырғасында болған жылдары мен ондағы оқушылары мен олардың ата-аналары, әріптестері жайлы аса жылы естеліктерімен бөлісті. Н. Дәкімова өмірбаянының ең бір қызықты сәттері, ол кісі қазақ қыздары арасынан мотоспортымен айналысып, спорт шебері атағына ие болған жағыз адам.Оның өмірбаянының осы беттері кездесуге қатысушы жас жеткіншектерді қатты қызықтырды. Олар сұрақтар қойып, ризашылықтарын білдіре отырып, ардагерге гүл шоқтарын тапсырды. Осындай шаралар аға ұрпақтың өнегелі ісін жас ұрпаққа үлгі етіп, өмір жолдарында тура таңдау жасауларына ықпал етеді.