«Музей туралы» жобасының кезекті шығарылымы музей қызметкерлерінің тізімінде маңыздылығы тұрғысында бірінші орынға қойылатын - қор сақтаушылар жұмысын көрсетуге арналған. Музей құндылықтарымен дұрыс жұмыс жасауды білу өте маңызды: әртүрлі материалдардан жасалған экспонаттар әртүрлі кәсіби манипуляцияларды қажет етеді, өйткені экспонаттардың барлығы дерлік өте нәзік, кез-келген абайсыз әрекет олардың бүлініп, деректік құндылығын жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен бірге қор сақтаушысы – музей заттарының физикалық жай-күйін бақылап қана қоймай, олардың есебі мен тіркеу жұмыстарын жүргізетін де басты маман. Экспонатты өлшеп, суретке түсіру, ғылыми атрибуциясын жасап, деректік деңгейін анықтау, көрмелерге қойып, насихаттау, бір орыннан басқа орынға ауыстыру бұлар - қор сақтаушының толық емес жұмысының тізімі болып саналады. Осындай жұмыстардың арқасында музейдің қор сақтаушысы ұрпақтар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін, құндылықтарды насихаттап, тарихты сақтауды жүзеге асыратын басты музейлік тұлға болып табылады.