Жидебай батырдың Қараменде биге жасырған жұмбағы
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты. Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып қажығандағы өзгерістерін айтып пікір алыспақшы болуды ойланады. Ол кезде ел арасындағы қатынас тек атпен ғана болғандықтан өзі бара алмайды да, ел танып, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
— Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші, - дейді. Жігіт келіскен соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал», - деп тапсырады. Ол кезде көпшілік хат танымайды. Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір-нәрседе үміт жоқ,-
Осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым.
Алпыс ат үйір бермейді.
Жетпіс торғай шырылдайды.
Сексен балапан ұя басып жатыр.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарылары белгісіз,— дейді. Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралап бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт Тобықтыға жетіп, Қараменде биді іздеп табады. Біраз күн жатып, тынығып ел жайы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?»— деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып көп толғанып ойланады. Біраздан кейін:
– Төрт нәрседе үміт бар дегені: адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау,— дейді:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті,
Жарлы байимын деп үмітті.
Ауру жазылам деп үмітті.
Бір нәрседе үміт жоқ дегені:
Шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен,— дейді.
Алты ауыз бір сөзім дегені:
Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені: «Бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойса балаға сонда ғана сыйымды болады»,— депті.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым дегені: «Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мүсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сыйпалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салсын,— депті. (Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен). Алпыс ат үйір бермейді дегені: алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой; Жетпіс торғай шырылдайды дегені — жетпісте торғай-дай ғана қуатым қалды дегені екен ғой. Сексен балапан ұя басып жатыр дегені — сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой. Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін дегені — тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабырдамын, ақ дағдыр қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, — депті.
Ел аузынан.
Жидебай Батыр.
Жидебай Батыр (1713-1812) - белгілі батыр, әрі би, әрі шешен. Көріпкелдік касиеті болған. Аты аңызға айналып, артында «Сарыарқадай жер кайда, Жидебайдай ер кайда» деген сөз қалдырған Жидебай аруақты батыр атанған. Шежіре бойынша Қаракесектен (Болатқожа) Ақша, Түйте туады, Түйтеден Майқы, Танас, Майқыдан Бөлекбай, Айтуған, Күнтуған (Сарым). Айтуғаннан Әлтеке (Айдос). Әлтекеден Алмұрат, Дос, Есболай, Өтеген. Алмұрат пен Дос, егіз еді деп айтылады. Жасанған жауға тайсалмай жалғыз шабатын Әлтеке Дос батырдан Қожаназар, одан Жидебай туады. Жидебай батырдың алғашкы үлкен жорыққа қатысуы Аңырақай соғысы делінеді. Тарихта Жидебайдың Абылай ханның ерекше шолғыншы жасағын басқарған беделді де белді батыры болғандығы белгілі. Ел аузында Абылай хан алпыстан асқан Жидебай батырды Қарақожа еліне жорыққа жұмсағаны. Балқаш көлінің Ұзынарал тұсында су астында төселген тас өткелді тауып Жидебайдың өткені. Өткел арқылы кезінде Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткені. Үш ғасырға жуық ұмыт болған өткелді Жидебайдың ғана тапқаны. Сөйтіп, жауға тұтқиылдан тиіп, Қарақожа елін бағындырып қайтқаны. Қарақожа «Бұл жолды Жидебай ғана білсе керек еді, өткелден өткізген көзің шыққыр Жидебай екен ғой» дегені жайында аңыз сақталған. Жидебайдың тоқсаннан асқан кезінде көзі көрмей қалғанда, көңіл сұрай келгендерге: «Жасымның жүзге келгені, Алты алаштың алғысы. Қос жанардың сөнгені Қарақожаның қарғысы» деп айтқаны мұны тиянақтай түседі. Сонымен қоса, Қаз дауысты Қазыбектің: ел аузында сақталып келген «Замана өтпес болсашы-ай, Жидекем өлмес болсашы-ай» деген өлең жолдары да. Жидебай батырдың халқына қадірлі ерекше тұлға екендігін аңғартады. Жидебай батырдың асқан домбырашы, күйші болғандығы, Абылай қайтыс болғанда «Қайран елім» атты күй шығарғаны туралы да дерек қалған. Алқалы жиында билік айтып, жөн сілтегеңде ел-жұртын қаһарымен емес, ақылымен, парасатымен ұйытып, өз заманында қалың елге мәшһүр болған Жидебай батырды Ақтоғай елі де ерекше құрметтеп, оның кейінгі кезде мекендеген жерін (Киров ауылын) Жидебай ауылдық аймағына өзгертті. 1993 ж. 14 тамызда Ақтоғай ауданында Жидебай батырдың туғанына 280 жыл толу тойына арналған ас берілді. Жидебай зираты казіргі Қарағанды обл. Шет ауданынын орталығы Ақсу-Аюлы ауылының күн батысында Нұра өзенінің бойында орналасқан. Ауызша деректерде Жидебай Қожаназарұлының ХVІІІ ғ. жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен көзге түсіп, Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болғандығы туралы мәліметтер бар.М.Ж.Көпейұлы өзінің шежіресінде Абылай ханның үш жүзге хан болған кезінде, Әлтеке Сарым Жидебайды ханның атақты батырларының бірі және қолбасы деп атап өтеді. Ел аузында «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?» деген сөз қалған.
ЖидебайҚожаназарұлының халық арасында тек батырлық қана емес, сонымен қатар, әулиелік қасиеті туралы аңыздар бар. Оның аңыздағы көрінісі қос қызыл түлкі арқылы бейнеленеді. Ел аузында Жидебай батырдың шешендік қабілеті жайлы ақпараттар сақталған. Дегенмен, оның шығармашылық мұрасы бүгінгі күнге дейін толық жетпей, ұмытылған.Жидебай батыр айтыпты деген бірді-екілі әңгімелердің «Ел аузынан», «Шешендік сөздер» сияқты жинақтарға енгізілгені болмаса жан-жақты зерттеулер жүргізілмеген.
Ескерткіш туристік және зиярат ету орны болып саналады.
Жидебай батыр жəне XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығы.
Қазақ халқы атаның аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді ауыздан ауызға көшіру арқылы жүзеге асырған. Нақыл сөздер, шешендік түйіндер, ақындық толғамдар, сыншылдық бағамдар, əсерлі аңыздар жəне тағы басқалары соның айғағы. Уақыт елегінен өте келе осылардың барлығы дерлік əуелгі иелерін жоғалтып, көпке тəн ортақ мұраға айналады. Сондай қанатты сөздердің бірі:
Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда? - деп айтылып жүрген ырғақты жолдар. Біраз жерлерде жарияланғанда мұны Қаздауысты Қазыбек би айтқан деген пікірлер қолданылып жүр. Біз осы туралы өз ойымызды ортаға салып көрелік. Біріншіден, аталмыш нақылдың мазмұнына назар аударайық. Жарыса айтылып тұрған жолдардың екеуінде де сағыныш сазы, аңсау бар. Яғни, Арқадан ауып, өзге жерден қоныс алған адамның бойындағы туған жерге деген ыстық ықыластың табы жатыр. Сол тəрізді жаумен шайқастан қажыған, қалжыраған адамның арманы, яғни, Жидебай тəрізді батыр болса ғой деген көңіл ізденісі көрініс беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бұл қанатты сөз Жидекең өмірден өткеннен кейін туған тəрізді. Екіншіден, тарихи деректерде, еңбектерде Қаздауысты Қазыбекті 1767 жылы қайтыс болған деп беріліп жүр. Бұл мəлімет ұзақ зерттеулердің нəтижесінде алынған дəлелі болмақ. Олай болса, би Баба дүниеден өткен кезде Жидекең елуден жаңа асқан жігіт ағасы болып шығады. Ал, батырдың нағыз деген шағында сағынышқа толы туынды туғызу қисынға келмейді. Үшіншіден, бұл жолдар шешендік толғаудың соңғы түйіні сияқты. Ал, алдындағысы ауыздан ауызға көшу барысында ұмыт болған болса керек. Яғни, Сарыарқаның тамаша табиғатын, жайылымын Жидебай батырдың ерлігімен сабақтастыра айтылған пернелі сөз болғанға саяды. Яғни, кезінде жыраулар мұрасының үлгісінде туған, көлемді толғау ма, болмаса жыр ма шығарылған тəрізді. Өкініштісі, біздің заманымызға сақталып жетпеген. Төртіншіден, тілі мен тұлғасы осы тектес туындылар ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында халық ақындарының шығармаларында кездеседі. Атап айтқанда, Арқаның тыныс-тіршілігі мен табиғатын аңсау, оған деген сағыныш сезімін ақындарға тəн əсерлі жолдармен жария ету Дулат Бабатайұлының «Сарыарқа» өлеңінде бар:
О, Сарыарқа, Сарыарқа,
Самалы салқын жон едің.
Сырдан ауыл келгенде
Жапырылмай шалғынның
Балауса балдыр балғынның,
Тимеген ірге соны едің.
Жылқының тобы бусаған,
Ыңыранып қой жусаған.
Шөбіңді сенің тапқан мал,
Құлын малы сусаған.
Масаты кілем жайғандай
Қоныстың шұрай жері едің!
Тағы бір мəселе «қайда?» сөзі іздеу немесе іздену мағынасын аңдататын сұрақ. Олай болса, мұндай жол аяқтамалары ХІХ ғасыр ақындарында жиі кезігеді. Мəселен, жұртқа танымал Махамбеттің «Ұлы арман» өлеңіндегі:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда?
Орама мылтық тарс ұрып
Жауға аттанар күн қайда? - деген жолдар біздің пікірімізді айғақтай түседі. Сонымен, аталған жолдардың авторы кім?
Жидебай батырды ХІХ ғасырдың басында (1813 ж.) қайтыс болған деп беріліп жүр. Осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, жоғарыдағы пікірімізді сабақтастырар болсақ, аталмыш жыр жолдары ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында туған болып шығады. Ал, бұл кезеңде Сарырқаны сағынардай ел есінде қаларлық қандай тарихи оқиға болып еді? Бірден-бір назарға алынатын ауқымды жағдай — Кенесары қозғалысы. Көкшетау өңірінде өмірге келіп, кең даланың керемет қасиетінен сусындап өскен жас төре өзін азат елдің азаматы ретінде көрсетуге соңғы сəтіне дейін жан аямай күресті. Сұлтанның соңғы шайқасы Кекілік тауында қырғыздармен болған айқас еді. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың: «Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы» деп аталатын монографиясында мынадай деректер берілген: «Кенесарының қырғыздармен соңғы шайқасы Тоқмақ ауылының шығыс жағында, Бішкек қаласына жақын Кекілік тауларында болды. Кенесары əскерлері Шу өзенінен бір шақырым жердегі Майтөбе деген жазықтау жерде орналасты. Қырғыздар бұрыннан Майтөбені «қанды жер» деген екен [1]. Майтөбеге солтүстік-шығыс жағынан Кекілік тауы жалғасып жатады, жергілікті халық оны «Қасиетті төбе» деп атайды. Осы төбенің батысында Шу өзеніне дейін созылған Қарақоныс жазығы жатыр. Осы алқап екіге бөлінеді: бірі «Алмалы сай» еді. Кенесары штабы Майтөбеде орналасқан болатын. Əзірге дейін бұл жерлерде уақытша бекіністердің, Кенесары жақтастары қазған бекініс орындары сақталған. Кенесарының қырғыздармен шайқасының тағдыры қырғыздар жеңісімен аяқталатыны алдын ала белгілі еді. Біріншіден, патша отрядтарының басшылары манаптармен əскери қимыл жоспарын кеңесіп отырды. Генерал-майор Вишневскийге баяндамасында есаул Нюхалов былай деп жазды:
«Мен белгілі билерге — бұғы руының биі Боранбай Бекмұратовқа, сарыбағыш биі Ормон Ниязбековке, солты руының биі Жанқараш Есқожинге хат жолдап, Кенесарыны ортақ жау ретінде жоюға шақырдым». Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем жəне Сыпатай би Кенесары қозғалысына тонаудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары қатарынан қашып кетті. Ол туралы Мəтібек Бекқожаев былай дейді: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз əскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз əскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті» [2]. Бұл мəселені Естай Мырзахметов «Сардаланың сардары» зерттеуінде қуаттай түседі. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген, ақтық айқас 1847 жылдың көктемінде Кекілік тауында өтеді. Бұл қырғызбен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, қатар көшіп-қонған, қыз алысып, қыз беріскен Ұлы жүз жігіттері үшін ауыр сын болып еді. Олар қырғызға қарсы қару көтеруді жөн көрмейді де, ертең шешуші ұрыс болады деген күннің түнінде Дулат руының батыры Сыпатай мен Рүстем би 12 мың жігітті ертіп түн қараңғылығын жамылып, Кенесарыны тастап кетіп қалған емес пе? Өзінің шын берілген 4 мыңдай ғана жігітімен жау қоршауында қалғанын Кенесары таңертең бірақ көріп санын соғады». Келтірілген үзінділерден екі мəселені анық аңғарамыз. Біріншісі, шайқастың таулы өлкеде өткендігі. Саны жағынан басым түсетін қарсыластарының жасақтарын шегіне соғысып, немесе, із тастап кейін шегініп, бүйірден қайтадан түйіп, əлсіретіп барып жеңетін тактиканы қолдана алмаған сұлтанның сағымды Сарыарқаның жазық даласын сағынышпен еске алуы əбден мүмкін мəселе. Екіншіден, сенім артып жүрген батырларының бір бөлігі ескертусіз тастап кеткенде, Жидебайдың ерен ерліктерін естіп өскен (мүмкін көрген де шығар, өйткені сұлтан 1802 жылы туған, айтылып жүрген мəліметтер бойынша, Жидебай батыр қайтыс болғанда Кенесары 11 жаста болып шығады) ол қолбасылардың Жидебай тəрізді болмағандығына назаланып, батыр жайлы ой толғауы да əбден мүмкін. Ал, Жидебай Абылайханның арнаулы батырларының бірі болғандықтан, ерлігі туралы бала кезінде сұлтанның естімеуі мүмкін емес еді. Сонымен, пікірімізді жинақтай келе, біздің айтар тұжырымымыз:
Сарыарқадай жер қайда? Жидебайдай ер қайда? — деген пернелі де термелі нақылды Кенесары Қасымұлы айтқан демекпіз. Олай болса, кейбір ауызекі əңгімелерде не себепті Қаздауысты Қазбек би айтты деп алынып жүр? Бұл тұрғыдан келгенде ел аузында сақталып жеткен осы жолдарға үндес əрі мəндес, батырдың ерлігін дəріптеуге негізделген тағы да бір нақыл бар. Ол: Замана өтпес болсайшы-ай! Жидекем өлмес болсайшы-ай! ХVІІІ ғасырдың орта шенінде болған қазақ-жоңғар шайқастарында ерлігімен ерекше көзге түскен Жидебай батыр туралы би Бабаның мұндай қанатты жолдарды өмірге əкелуі ақылға сиымды, көңілге қонымды. Келтірілген екі нақылдың стилі, тілі, сөздік қолданысы əр түрлі. Бір адам айтқан деуге қисыны келмейді, сабақтастырып тұрған, біріншіден, бір адамға арналғандығы, екіншіден, мазмұнымен мəндес болғаны. Сондықтан соңғы сөзді Қаздауысты Қазбек би айтқан десек, қателеспейміз. Жидебай батыр туралы əңгіме қозғағанда біз үш түрлі бағытта ой қорытуымыз керек тəрізді. Алғашқысы — өмір жолы туралы, екіншісі — батырлығы, ерлігі жайлы пікір мəліметтер, үшіншісі — шешендігі, тапқырлығы туралы деректер, болжамдар, тұжырымдар. Ұлттық рухани мұраның жанашыры М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресі» кітабында мынадай мəліметтер келтірілген: «Қожаназар ел жұртына аман-есен келді, қатын алды, бір ұл туды. Атын Жидебай қойды. Жидебай құрттай бала күнінде тапқан шешесі өліп қалып, Қожаназар бір тоқал алды» [3]. Əрине, бұл ел аузынан жеткен аңыздың желісінде жазылған мəселе. Десек те, екі түрлі жайтқа қанық боламыз. Біріншісі, Жидебайдың əкесінің Қожаназар екеніне, шежірелік деректерде де осылай айтылады. Бірақ бір əңгімеде бірінші əйелінен туған десе, келесі бір жерлерде екінші əйелінен туғызады. Екіншісі, жастай анасынан жетім қалуы жəне бір анадан жалғыз болғандығы. Бұл екеуі де маңызды деректер. Біз жоғарыда Қожаназардың жоңғарлар қолынан босап келген уақытын 1712 жыл деп пайымдаған едік. Осы байламды басшылыққа алсақ, Жидебай 1713 жылы туған болып шығады. Батырдың ескі мазарына қойған көктаста Жидебайды ХVІІ ғасырда өмір сүрген деп көрсеткен еді. Осыған орай, нақты кезеңді айқындау мақсатында зерделеу жұмысын жүргізіп 1986 жылы «Білім жəне еңбектің» № 9 санында «Жидебай батыр» деген атпен мақала жариялаған едік. Біздің тілімізге тиек болған мəселе Жидебайдың Абылай ханға батыр болғандығы. Ал, Абылай хан 1711–1781 жылдар аралығында өмір сүргендігі тарихи мəліметтер мен жазба мұрағат деректері арқылы толық дəлелденген. Олай болса, Жидебай батыр да ХVІІІ ғасырдың адамы. 5 жасында анасынан, 7 жасында əкесінен айырылған Жидебайдың жаугершілік замандағы балалық шағы жеңіл болған жоқ.
«Қазақстанның жаңа жəне қазіргі заман тарихы» кітабында 1723 жылғы оқиғаға байланысты мынадай мəлімет берілген: «1723 жылы көктемде жоңғарлар Ұлы жəне Орта жүздің жеріне басып кіреді. Қаратаудан асып Талас өзеніне дейін жетеді. Қазақта бұл уақытта шабуыл бола қояды деп ойламаған, жайлауға көшуге дайындалып жатқан кезі еді. Елді жаппай қырып, үйін, малын тонап, айдап əкетіп жатты, тірі қалғандар туған жерін тастап қашуға немесе жоңғар билігіне көнуге мəжбүр болды. 1724–1725 жылдары жоңғарлар Ташкент пен Түркістанды басып алды. 1723–1727 жылдар тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі. Бұл жалпы қазақ халқының басына түскен қасіретті кезең болды. Қазақтар 1 млн 100 мың адамынан айырылды, демографиялық апатқа ұшырады. Демограф М.Тəтімовтың есебі бойынша, қазақ хандығы құрылған кезде (1465 ж.) қазақ халқының саны 1 млн 100 мың, 1723 жылы 3 млн 330 мың, ал 1725 жылы 2 млн 222 мың болды». Бұл үзіндідегі екі пікір көңілге қонымды болса, келесі екі пікір күдік келтіреді. Қонымдысы жоңғарлардың 1723 жылы көктемде шабуылға шығуы. А.Сейдімбектің айтуы бойынша, жұт болған жылдан азып-тозып шыққан жұртқа есін жиғызбай дұшпандардың басып кіруі қисынға дөп келіп тұр. Екіншісі, қазақ халқының 3 млн жобасында болуы. Көп те емес, аз да емес көрсетілген шамада шығуы мүмкін жайт. Күдік келтіретіні — қазақтардың бейғам отыруы. Өйткені бұған дейін де ғасырдан астам уақыт созылып келген, ата жауына айналған жоңғарлардан кезекті соққыны күтуі жəне шамасы жеткенше дайындалып отыруы табиғи қажеттілік. Онда қазақ халқы неліктен жеңіліске ұшырады? Бұл тұста, біздің ойымызша, екі түрлі себеп бар. Біріншісі, алдындағы айтылған — жұт болса, екіншісі, жаудың жойқын күшпен сақадай сай дайындалып келуі. Екінші күдік — 1723–1727 жылдардың арасын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» аясына енгізіп жіберуі. Өйткені 1726 жылы елдің игі жақсылары Ордабасы деген жерде бас қосса, ол жағдай қалықтың еңсесін көтерілгендігін көрсетеді. Ал, «Ақтабан шұбырынды» босқынға ұшыраған кезең болып саналатындығы тарихтан белгілі. Ш.Уəлиханов оны 1723 жыл деп атайды. Яғни, біздің ойымызша, зобалаң жылдар шамамен бір, əрі кетсе бір жарым жылға созылған болуы мүмкін. Сондықтан, аталған кезеңге 1723–1724 жылдарды жатқызған жөн сияқты. Тағы бір айта кететін мəселе, 1 млн жуық адамды жоғалтса, орташа есеппен алғанда, жиырма пайызы қария жəне егде, ал қырық пайызы жиырма мен елудің, қалған қырық пайызы жиырма жасқа дейінгі бала, бозбалалар болуы да мүмкін. Сонда 400 мың адам ересектер болса, олардан 200 мыңға жуық жауынгерлердің шығуы табиғи құбылыс. Олай болса, қазақ жеріне шабуыл жасаған жоңғар əскерлері де 100 мыңнан кем болмаған. Жидебай бұл кездері 10–11 жастағы есі кіріп, етегін жинаған бала еді. Неше түрлі сұмдықтарды, аяусыз азаптарды көзімен көрді, апа-қарындастарынан, аға-бауырларынан, дос-жораларынан айырылды, олардың өлімі көз алдында өтті. Осындай жəйттер оның патриоттық сезімін оятты, шыңдады, дұшпанға деген өшпенділігін арттырды, жүрегінен кешірілмес кекті орнықтырды. Міне, осындай адам өмірінде сирек кезігетін үш түрлі құбылыс оны халық батыры етіп дайындап шығарды. Таяуда танымал ғалым М.Жолдасбековтың «Жидебай батырдың 300 жылдығы атаусыз қалуға тиіс емес» («Егемен Қазақстан», 4 сəуір 2013 жыл) деген мақаласы жарыққа шықты. Онда: «Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып, ерлік көрсеткен. Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде əскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған» деп жазылған. Ғалым батырдың шапқыншылық замандағы жүргізген азаттық соғысының картасын жасап берген. Ел аузында сақталған аңыздар да осы пікірді қуаттайды.
«Жидебай батыр» жырының Е.Құлсариев жырлаған нұсқасында батырдың 15 жасында жауға аттанғандығы айтылады: «Қанша көтерсе де өгейлік артып, он бес жасқа жеткен соң, қашып, Абылайдың қолы аттанып кеткен екен, əкесінің көкбесті атына мініп, соның артынан қашып жөнеледі». Егер ауыз əдебиетінде дəстүрге айналып, жиі қолданылатын сарындарды алсақ, адам жаратылысына орай (9 ай) 9 жас, немесе, мүшел санына орай 13 жас көп көрініс береді. Ал, жырдағы он бес жастың ешқандай сарынға қатысы жоқ. Олай болса, осы негізді басшылыққа ала отырып, жас мөлшерін шындыққа жанасымды, ақиқатқа біршама жақын деп паймымдауға болады. Яғни, 1713 жылға 15 жасты қоссақ, 1728 жыл шығады. Тарихшылардың пайымдауынша, Аңырақай шайқасы не 1729 жылдың, не 1730 жылдың көктемінде өткен. Бұл кездері Жидебай 16,17-лердегі бозбала болып шығады. Аңырақайға байланысты екі жылды қатар ұсыну себебіміз мынада. М.Тынышбаев өзінің «Великие бедствия» деген зерттеуінде: «Таким образом, можно считать установленным, что первые победные наступления казаков относятся к 1726 году или немного позже (1727 год) и что Анракайское побоище и смерть Болата произошли не позднее весны 1730 года, так как в июле того же года посольство Абулхайыра было уже в Уфе» деп жазса [4; 90], «История Казахстана: белые пятна» деген ғылыми мақалалар жинағында жарияланған В.А.Моисеевтің еңбегінде: «В 1729 году в 120 км к югу от озера Балхаш произошла последняя в этой войне битва. Ойраты опять потерпели поражение» деп жоңғарлардың ойсырай жеңілгендігі жайында мəлімет береді. Ал осы деректі «Қазақстан тарихы» деген кітапта да қуаттайды: «1729 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен қалмақтың арасында тағы бір қатты қырғын соғыс жүрді. Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жəнібек, Бөкенбай, Малайсары сияқты атақты батырлар бастаған қазақ қолдары мен жасақтары қалмақ əскерлеріне екінші рет күйрете соққы берді. Майдан даласында мыңдаған əскерлер қаза тапты. Көбі қырылып, жаралы болып, жаны шықпай жатқан жау əскерінің аңыраған дауысы бірнеше күн даланы басына көтерді. Бұл жер кейін Аңырақай деп аталып кетті. Сөйтіп Аңырақайда аяусыз соққыға душар болған Шуно Дабо басқарған қалмақ əскерлері Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашуға мəжбүр болды». Аңырақай шайқасы туралы жазылған дерек мəліметтер хабарлама тұрғысында қысқа түрде берілгенімен, соғыстың өзі қазақ халқы үшін осал болған жоқ. Аңырақай шайқасы қазақтың Абылай бастаған бір лек жас батырларын досқа да, дұшпанға да паш етті. Солардың санатындағы Жарылғап, Наурызбай, Райымбек, Олжабай, Сеңкібай тəрізді тұлғалардың есімі мен ерлігі аңызға айналып, ел ішіне таралды. «Елтұтқа» жинағында: «Байғозы батыр өз кезінде Болат, Əбілмəмбет, Əбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді. Төле, Қазбек, Едіге, Бұқар сияқты би-жыраулардың ұлағатты сөзін естиді. Бөгенбай, Қабанбай, Жəнібек, Жанатай сияқты батырлардан тəлім алды. Керней Жарылғап, Əлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды», — деп жазған. Дұшпандардың жеңілуіне себеп болған да, жоңғарлардың бетін қайтарған да осылар еді. Ал, жасы қырықты алқымдаған Бөгенбай, Қабанбайлар болса, жекпе-жекте де, жаппай шабуылда да жастарға жолын беріп, олардың танылуына жағдай жасады. Көпшілігінде ақыл-кеңес, айла-тəсіл үйретуге ерекше назар аударды. Өйткені батырлардың келесі легін дайындап шығару солардың мойнындағы міндет еді. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, ел аузында сақталып жеткен аңыздардың баяндауына қарағанда Аңырақай өлкесіндегі соғыс екі аптаға созылыпты.
Əрине, сол соғыстағы елеулі оқиға Абылайдың Шарышты жекпе-жекте мерт етуі. Бірақ бұл шайқас басталған күні болған оқиға емес, бірнеше күннен кейінгі өткен жағдай. Осы шайқаста Жидебай екі түрлі бағытта танылған жəне атағы бірден сарбаздардың арасына жайылып кеткен. Алғашқысы туралы, нақтырақ айтқанда, көйлегін ту етіп көтерген айла тəсілін біз жоғарыда айтқан болатынбыз. Ал, екіншісі, жоңғардың Серен деген батырымен жекпе-жекке шығып жеңіске жетуі. Бұл оқиға «Жидебай батыр» жырында да берілген. Бірақ онда жау жағының батыры Сезен деп алынған. Шамасы араб жазуынан аударып басқанда жаңсақтық кеткен тəрізді. Өйткені «р» мен «з» əріптерінің жазылуы ұқсас. Нақты айтар болсақ, «з» əріпінің айырмашылығы шекесіне қойылатын нүктесінде ғана, егер нүкте болмаса «р» деп оқылады. Ал, Серен есімі жоңғарларда бар. Оған олардың ханы Қалдан Сереннің өзі-ақ дəлел бола алады. Бірақ жырдағы Серенді жоңғардың ханы деп айтуға болмас, өйткені дерек жоқ. Десек те, Серен деген есімді кез-келген адамға қоя бермеген. Сондықтан жырдағы батырды жаудың ірі қолбасшысы деп айтуға қақымыз бар. Ел аузындағы аңызда, жырдағы сюжет те соған мегзейді. Тағы да бір айта кететін мəселе жырда ауыз əдебиетіне тəн құбылыс тұтастану бар. Яғни, бірнеше оқиғаны жинақтап, бір оқиғаға айналдырып жіберу. Мысалы:
Сен шүршіттің Сезені,
Таласымыз Алатаудың кезеңі.
Сен қазақты үш шаптың
Сонда да қазақта қалды,
Сарыарқаның өзені.
Бұдан əрі қарай жекпе-жекте
Сезен қаза табады:
Жидебай батыр тап бергенде,
Көк сүңгіні сермегенде,
Айбалтамен қатты қағып сындырып,
Сезен батырды өлтіріп.
Жидебай мен Сереннің (Сезеннің) жекпе-жегі шайқастың соңғы күндерінде болған. Оған дейін Жидебай талай рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жетіп отырған. Ал, Серенді өлтіруі батырға үлкен бедел-абырой əкелгендігі анық. Бірақ бұл жекпе-жек Аңырақай өлкесінде өткен. Ал, жоғарыдағы Алатаудың кезеңіне таласуы, қазақты үш рет шаптың деуі бізге Жидебайдың жоңғар ханы Қалдан Серенмен де жауаптасқандығынан мəлімет береді. Бірақ бұл екі жыл өткен соң 1731 жылы Іле Алатауының биік кезеңіндегі болған оқиға. Ол уақытта Жидебай Ақсүйек, Қаншеңгел, Күрті өлкесіндегі шайқастарда талай тамаша ерліктерімен танылып, «жеңілуді білмейтін Жидебай» аталып, мыңбасы дəрежесіне жеткен он сегіз, он тоғыздардағы жігіт еді. Ел аузындағы əңгімеге қарағанда, Жидебай мен кезеңдегі кездесуге Қалдан Сереннің өзі келеді. Ханды келтірген екі түрлі себеп болды. Біріншісі, Жидебайдың есімі жоңғарлар арасына да тез тарады. Жас та болса, бас бола білген қазақ батырын қалмақтың ханы өз көзімен көргісі келді. Екіншісі, тыңшылар арқылы танымалы тұлғалардың шыққан тегін, маңайын біліп отырған жоңғарлар Жидебайды Достың немересі, Қожаназардың баласы екендігінен хабардар болған. Хан «қалмаққа таң атырып, күн шығармаған» қазақ батырының ұрпағын көргісі келсе керек. Кезең үстіндегі кездесуде Қалдан Серен: «Сенің атаң да, əкең де біздің қолдан өлген. Атаңның басын шапқанда қаны ие бермей жан-жаққа шашырапты. Сонда біздің атамыз мына қазақ батырының соңында ұрпақ қалып, бізге күн көрсетпейтін ер болып шығады екен, байқауда болыңдар депті. Сол батыр сен шығарсың деп келдім. Мен жоңғардың ханымын, сен қазақтың мыңбасы батырысың. Мен сенімен жекпе-жекке шықпаймын, өйткені дəрежем жоғары, хандығыма сын. Бірақ біздің əскер сенің əскеріңнен үш есе көп. Үкімді хан ретінде мен айтамын. Саған жекпе-жекке үш батырымды шығарамын. Сен жалғыз үш батырыммен айқасасың, егер жеңсең, біз осы өңірді тастап жеңілдік деп кейін шегінеміз, ал жеңілсең, біріншіден, басың кетеді. Екіншіден, қолың жеңілдік деп кейін қайтады», — депті. Сонда Жидебай: «Менің атам найзагер болған, атамның кегі деп бір батырыңды найзамен шаншып өлтіремін, əкем Қожаназар айбалтамен жауға шапқан, екінші батырыңды əкемнің кегі деп айбалтамен шауып өлтіремін, өзім қазақы қайқы қылышпен шабуылдаймын, бауырларымның кегі деп үшінші батырыңның басын қылышпен аламын, бірақ шығаратын батырларың кем дегенде мыңбасы болсын», — депті. Сөйтіп, кезеңнің үстінде жоңғардың үш бірдей мыңбасы батырын дəл өзі айтқандай етіп жер жастандырыпты. Қалдан Серен де уəдесінде тұрып əскерлерімен кейін қайтады. Шегінер алдында елшісін жіберіп, кезеңнің атын Жидебай асуы деп атаңдар деп аманат қалдырыпты. Мұндай жайтті қалмақтар тарапынан бірнеше жағдайлардан аңғаруға болады. Солардың бірі Қазыбекке Қонтажының Қаздауысты деген айқындауышты қосып беруін. Яғни, түрлі ұсыныстарды аманат ету сол замандарда дəстүр болғанға ұқсайды. Сонда «Жидебай батыр» жырында Аңырақай мен Алатаудағы шайқас тұтастанып кеткендігін көруге болады. Ал кейбір аңыздарда Аңырақай шайқасында Жидебаймен жекпе-жекке шыққан Қалдан Сереннің ағасы дегенді де айтады. Жидебайдың Іле Алатауындағы асуы туралы мəліметтер географиялық деректерде берілген.Енді сəл шегініс жасап Жидебайдың Аңырақай шайқасына келуі туралы мəселені топшылап көрейік.«Ақтабан шұбырынды» кезінде босып кеткен жұрт Сырдариядан өтіп барып аялдағандығын жоғарыда айтқан едік. Мұнан туындайтын ой Жидебай да бала кезінде Сыр бойында болған. Сондай- ақ Абылай хан да жастық шағын сол өңірде өткізген. Оған Бұқар жыраудың толғауы дəлел:
Ал, тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Абылайдың балалық шағының Түркістанда өткендігін Тəттіқара ақын да өз толғауында айтып өткен.
Кеше тоқыраулы судың бойында,
Тоқал терек түбінен,
Ніл дарияның басынан,
Құмкент шаһарының қасынан,
Перінің қызы Перизаттан туған
Қарамерген атасы,
Сөзімнің жоқ қатасы.
Кеше бұл тұрымтайдай ұл еді-ау,
Түркістанда тұр еді-ау,
Əбілмəмбет ағаңа,
Қызметші жүрген ұл еді-ау,
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан теріс аяқ құл еді-ау.
Ақын-жыраулардың шығармасындағы айтылған Түркістан қаласы Сырдарияға жақын, барлығы бір өңірде орналасқан. Олай болса, елдің араласып жатқан жаугершіліктен кейінгі заманында Абылай мен Жидебайдың бірімен-бірінің кездесуі əбден мүмкін. «Жидебай батыр» жыры да осыны қуаттайды. Ел ішінде жүрген хабаршылардан қолдың қай жерде жасақталып жатқандығынан көпшілік хабардар болып отырды. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан өзге де топтар сияқты Абылай да өзінің қатарластарымен сол қосынға қосылған болатын. Мұндай міндет жас Жидебайдың да иығына түсті. Қалың қолға қосыламыз деп шешім қабылдаған Майқы атаның ұрпақтары Қабанбайдан бата алды деп жəне кешегі Дос батырдың кіндігінен тараған ұрпағысың деп басшы болып баруды жас та болса Жидебайға ұсынды. Ал жырда Жидебай жалғыз өзі аттанады:
Осы қолдың ішінде,
Батырлар бар өңшең ер,
Ұлтанды би үлгілі
Ақылы бар кемеңгер
Садақшылар бір бөлек,
Толып жатқан ерендер.
Мен де іздеп келемін,
Өлі-тірі аруақ
Қолдап мені жебеңдер.
Жыр — көркем туынды. Сондықтан оны шығарушы басты кейіпкерді даралап, ерекшелеп көрсету үшін түрлі тəсілдерді қолданары анық. Жəне мұндай сипат, халық ауыз əдебиетінде кең орын алған. Олай болса, жырдарғы Жидебай бейнесі осындай дəстүрлі тəсілді бойына сіңірген кейіпкер.
Сонымен, ақиқатында Жидебай Аңырақай өлкесінде жатқан жасаққа кем дегенде жүз қаралы жігіттерімен келіп қосылған. Осы тұста айта кететін тағы бір мəселе бар. Үлкен қосынға келіп қосылған сарбаздарды жүздікке, мыңдыққа бөліп жүйелеуде ішінара бəсекеде кездесті. Əркім танымалы батырлардың мыңдығына барғысы келді. Осындайда Жидебай өзіне бата берген Қабанбаймен кездесіп оны жігіттерімен Қабанбай батыр Бөгенбай қосынына жіберді, сөйтіп, өзімен еріп келген жігіттеріне Жидебайды жүзбасы етіп тағайындайды. Бірнеше айға созылған осы жасақталуда жас Жидебай көптеген замандастарымен танысады, түрлі жаттығулар барысында ептілігімен де, мықтылығымен де көзге түседі. Бұрыннан білісіп қалған Абылайлармен бірге жүреді. Біздің ойымызша, Жидебай батырдың қазақтың болашақ ханымен қарым-қатынасы осылай басталған болса керек.
Аңырақай соғысында қатты соққы алып жанталаса шегінген жауды түре қуу мақсатына жеткен қазақ əскерлері үш бағытта жол тартады. Олар — Ақсүйек, Қаншеңгел, Күрті. Ақсүйектен аттанған қосынды Бөгенбай батыр басқарады. Осы қолдың арасында болған Жидебай бұл жолы тағы бір қырынан танылады. Түнімен дамылдаған қол таң ата аттанайын десе, жер бетін қалың тұман басып жүру мүмкіндігі болмай қалады. Тұманның ашылуын күтейік деген ұсыныстар түседі. Осыны естіген Жидебай Бөгенбай батырға келіп:
Батыр аға! Бізге уақыт қымбат, «Қашқан жауға қатын ер» деген, есін жиғызбаған дұрыс, — дейді.
Не айтарың бар? — депті Бөгенбай.
Сіз қол бастауға дайын болсаңыз, мен жол бастауға дайынмын. Егер қабыл алсаңыз, жатқан жаудың үстінен түсіремін, — депті Жидебай.
Сөйтіп, батырдың келісімін алып, жолбасшы болған Жидебай бесін мезгілі кезінде тынығып жатқан жаудың дəл үстіне алып келеді. Қаперсіз жатқан жоңғарларды тас-талқан етіп, екі күннің ішінде бір бөлігін қолға түсіріп, қалғандарын бет-бетімен бостырып жібереді. Осындай тапқырлығына риза болған Бөгенбай Жидебайды мыңбасы етіп тағайындайды.
Сонымен, Жидебай өзінің мыңдығымен туған өлкесін, яғни, Іленің бір сағасы Жиделі бойын жаудан тазартуға аттанады. Үш күннің ішінде сардаланы толық сүзіп өтіп, келесі күні Қаншеңгелдегі орныққан қалмақтарға бүйірден тимек болып, Іле мен Жиделі өзендерінің түйіскен тұсында бір түн дамылдайды. Кешкілік жүзбасылар жиналған кезде Жидекеңнің жанында жүрген тəжірибелі көпті көрген жасы елулерді алқымдаған Түйебалуан деген кісі көпшілікке əңгіме үстінде сөз тастайды:
– «Көп тілесе, көл болар, көп жиналса қол болар» демекші мынау Жиделі өзенін жиде өсімдігі мол болғаннан кейін кезінде солай атап кеткен еді, атын алса заты қалар, Жидебай жаста болса бас батыр, осы өзеннің төменгі ағысын Жидебай өзені деп атасақ, жөн болар, осыған қалай қарайсыңдар? — дегенде, көпшілік қауым қолдай кетіпті. Сонымен, өзеннің бір жақ жартысы Жидебай өзені атанады. Бұл туралы «Жерімнің аты — елімнің хаты» деген энциклопедиялық анықтамалықта: «Жидебай — өзен. Жиделі өзенінің төменгі ағысы Кербұлақ ауданында. Кісі есімінен қойылған атау», — деп жазған.
Сөйтіп, Сыр бойынан Аңырақайдағы шайқасқа келген Жидебай 1729–1732 жылдар аралығында Аңырақай-Ақсүйек-Жиделі-Қаншеңгел-Күрте-Іле Алатауына дейін жүріп өтіп, аласапыран соғыстарда алдыңғы саптан көрініп, кемел батыр дегейіне көтеріледі.
XVIII ғасырдың 30-жылдарының ортасына дейін қазақ халқы Сарыарқаны толық əрі тұрақты түрде мекендеп отырмаған. Қысқы кезеңде, нақтырақ айтқанда, суық айларда жылы жақта болып, тек жазда жайлауға шыққан уақыттарда ғана Арқа өңіріне табан тіреген. Бұл туралы біраз тарихи зерттеу еңбектерінде айтылып жүр. Мəселен, тарихшы-ғалымдар Ж.Артықбаев пен М.Жакин былай дейді:
«XVIII ғасырдың 40–50-жылдары қазақ-қалмақ, қазақ-қытай арасындағы жаугершілік «Сырдың бойын жаратпай, Сарыарқаны қыстаймыз» деп келген Орта жүз қазағы үшін жайлы болған жоқ» [5]. Яғни, Орта жүз халқының Арқаға 40-жылдардың соңына қарай қоныстанғандығын сездіріп тұр. Енді Арқаға келу себебіне ой жүгіртіп көрейік. Б.Жұмақаева «Қазақстан тарихы» еңбегінде: «Қазақтың үш жүзінің басын қосып біртұтас тəуелсіз мемлекеттігін қалыптастыруға тиісті Үлкен Орданың басына хан болуға үш хан таласады. Бірінші үміткер Болат ханның інісі, Орта жүздің ханы Сəмеке болды, екінші үміткер Кіші жүздің ханы Əбілқайыр, үшіншісі Болаттың ұлы Əбілмəмбет болатын. Аға хан болып көпшілік билер қолдамаса да, Болаттың ұлы Əбілмəмбет сайланды. Тарихшылардың долбарлауы бойынша, мұндай таңдау жасалғанына наразы болған Əбілқайыр майдан шегінен əскерін алып, еліне кері бұрылды. Хандықтың өзіне тимегеніне риза болмаған Сəмеке де Əбілқайырдан кейін əскерін алып, Шудың бойымен Бетпақдалаға қарай бет түзеді» деп жазды. Сөйтіп, Бетпақдала арқылы Сарыарқаға өтті дегенді мегзейді. Осы мəселе М.Тынышбаевтың еңбегінде де жазылған:
«После Анракайской победы Болат хан умер и на его место надлежало выбрать старшего хана. Претендентов было три: первый хан младший Орды Абулхаир, командовавший всеми казахскими силами и выдвинувшийся своими блестательными победами, но он происходил из младшей линии, из которой ни разу не выбирался старший хан всех трех Орд; второй брат Болата Шаймухаммед (Сəмеке), считавший, что по обычаю тюрко-монголов, наследником должен быть выбран старший в царствовавшей фамилии, т.е. он; третий сын Болата — молодой Абулмамбет — после Болата ханом трех Орд назвался именно он. Выбор, по-видимому, не абсолютного большинства пал на Абулмамбета. Такой обиды не мог стретпеть старик Абулхаир, человек крайно честолюбивый, с таким выбором не мог согласиться и Самеке, родной дядя Абулмамбета, вслед за уходом с фронта Абулхаира Самеке со своими приверженцами так же оставил фронт» [4; 120]. Əрине, тарихи еңбектердегі үндестікте жазылған мұндай деректерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Орта жүздің Арқаға қоныс аударуға басты себеп осы болды деп үзілді-кесілді тұжырым жасау да, біздің ойымызша, қисынға келмейді. Ғалым Ж.Артықбаев: «Қаракесектің Сарыарқаға қысқы қонысқа келіп орныққан уақыты 1728-жылдар шамасы, оның өзінде де, біресе Ертіс асып, біресе Ордың қара ағашына қарай барып, біресе Сырдың суынан Жиделі-Байсынға қарай қайтып өтіп бейнет кешіп жүрген кезі», — деп жазады. Яғни XVIII ғасырдың 20-жылдарының соңына қарай Арқаға назар аударып, малға жайлы, жанға қоныс боларлық күйін айқындау үшін барлау жасай бастағанын аңғару қиын емес. Бірақ дəл осы кезеңде Арқаға жоңғарлардың да көзі түскен еді.
1729 жылғы Аңырақайда басталған азаттық соғысы үш жылдың аралығында жоңғарларды Құлжаға дейін шегінуге мəжбүр етті. Жер жағынан қысымға түскенімен, олардың күші əлі мығым болатын. Қалдан Серен 15 мың қолмен Аягөздің тұсынан Арқаға 1731 жылы жаз айында келіп кіреді. Қазақтар толық жайлап үлгермеген өлкені осыншама əскермен игеріп алу, иемдену мүмкін деп есептеген болатын.
Балқаш көлінің арғы бетіндегі екі жылдан астам уақытқа созылған соғыс қазақтың келесі буыннан тұратын жас батырларын өмірге əкелді. Қабанбай, Бөгенбай, Есет, Жəнібек, Қангелді тəрізді аға буын батырлар Олжабай, Жидебай, Сеңкібай, Райымбек, Наурызбай сияқты жас қырандардың ерлігіне тəнті болды, оларға қандай жағдайда болмасын сенім артуға болатындығына көз жеткізді. Жас батырлар Абылайдың төңірегіне топтасты. Өйткені оның төреден шыққандығы анықталып, сұлтан дəрежесіне көтерілді. Əрі батырлығымен, əрі алғырлығымен көзге де түсті.
Болат хан қайтыс болған соң тақ таласының туындағандығы ақиқат. Үш жүздің игі жақсылары жыл ішінде бірнеше рет бас қосып бір шешімге келе алмай тарқасып жүрді. Əрі соғыс та толассыз жүріп жатты. Соңғы түйінде Орта жүз бен Кіші жүз хандарының ұсынған тоқтамына наразылық білдіріп, атбасын бұрғандары да рас. Бірақ барша халық олардың соңынан ере кетті деп кесіп айтуға болмайды. Себебі елдің басын біріктірген, жасақ жинаған хандардың əулеті емес, халық батырлары еді. Олардың бел ортасында Қабанбай, Бөгенбай, Есет, Қангелділер жүрген болатын. Жауға тойтарыс бергенімен, негізгі күштің соңында жатқанын түсінген батырлар жұбын жазған жоқ. Дегенмен, хандардың наразылығы бірлікке əсерін тигізбеді деуге болмайды. Бірақ ол Орта жүздің Арқаға келуіне негізгі себеп болған жоқ. Абылайдың төңірегіне топтасқан жас батырлар қосындарымен Арқаны қорғауға аттанды. Өйткені көптен бері көз тігіп келген жоңғарлар Іле мен Алатау аймағындағы шайқастарда беті қайтқаннан кейін толық игеріле қоймаған Арқаны жеделдетіп алу жоспарын тезірек іске асыруға кіріскен еді. Сонымен, қазақ үшін ендігі шайқас Сарыарқаны жоңғарлардан қорғап қалу үшін ұйымдастырылды. Олардың басшысы болып жас та болса бас болуға сай келген Абылай сұлтан тағайындалды. Орта жүздің Арқаға қоныс аударуына себеп болған негізгі мəселелердің бірі осы оқиға еді. Міндет жоңғарлардан ғана қорғап қалу емес, Арқаны түпкілікті мекендеп, толық ие болып қалу мəселесі тұрды. Өлкені жоңғарлардан толық тазартып, қауіпсіз жағдайға жеткізгенше мекендей тұрамыз деп Қаздауысты Қазбектің 4 мың үйлі шаңырақпен Орынбор маңына баруы да осы кез. Орта жүздің ханы ресми түрде Сəмеке болғанымен, Абылайдың ел ішіндегі беделі артып, үстемдігі ұлғая түсті. Сонымен, 1731 жылдың жазында Арқаға бет түзеген қазақ қосыны Бектауатаның маңына 2 мыңдай Жидебай қолынан əскер қалдырып, ал Қарқаралы маңына 3 мыңдай сарбазды жіберіп, 10 мың қолмен Абылай бастаған батырлар Баянауыл өлкесіне келеді. Орныққаннан кейін Жидебай 100 қаралы əскермен барлауға шығып, жоңғарлардың негізгі күшінің Баянауылдың шығысындағы 90 шақырымдай жерді Түндік өзенінің бергі бетінде шеп құрып жатқандығын жеткізеді. Жау əскерінің қазақ қолынан екі еседей көп екендігі байқалады. Абылай батырлармен кеңес құрады. Сол кездегі Жидебайдың Абылайға айтқан кесімді сөзі ел ішінде күні бүгінге дейін сақталып қалған.
– Түйінді сөзді барлауға барып, жауды көзімен көріп қайтқан Жидебай айтсын, — дегенде:
Жасқаншақ болсақ,
Жаушыл болып неміз бар,
Қорғаншақ болсақ
Қолшыл болып неміз бар,
Мен білетін жау екі түрлі болады:
Алғашқысы –
Көрініп келетін қауіпсіз жау бар –
Жекпе-жекке шығасың,
Күшің асса, жығасың,
Ол да өзіңдей адам, Неменесіне бұғасың.
Соңғысы –
Көрінбей келетін қауіпті жау бар –
Сенен де сақ,
Ұтып алар амалын тап,
Ақылдан түспе,
Ойланып істе,
Сақтанбасаң қамданып
Кетеріне мен кепіл
Басыңда тұрған бақ!
Бұл жау алғашқысына жатады, соңғысын кезіккенде көрерміз, — деп қолды бастап шайқасқа аттанады. Оң қанат пен сол қанатқа 3 мыңнан 6 мың қолды жасырып қойған қазақ батырлары 5 мыңдай əскермен ашық түрде қарсы шайқасқа шығады. Қазақ қолын азсынған жоңғарлар соғысты жекпе-жектен бастайды да ол бес күнге созылады. Олжабай, Сеңкібайлар жекпе-жекте жан шақ келтірмейді. Бесінші күні Жидебай батыр шығып, күн шыққаннан батқанға дейін жаудың тоғыз батырын жер жастандырады. Келесі күні өздерін əлдеқайда көп деп есептеген жоңғарлар жаппай шабуылға шығады. Осы сəтте жасырын жатқан қосындар екі жақ бүйірден лап қойып оқыс соққы жасайды. Əскерлерінің жартысына жуығын соғыс даласына қалдырған жау қолы жеңіліске тап болып, бірден кері шегінеді. Сөйтіп, қашқан жауды Ертіс жағасына дейін қуады. Жоңғарлардың жеңіліс тапқан жері Қалмаққырған деп аталып кетеді. Осы жолы Балқаштың бергі жағында жатқан Жидебай қолының бір бөлігінің жоңғарлардан жеңілгендігі жайлы хабар жетіп, ол жаққа көмекке екі мың қолмен Сеңкібай батыр аттанады. Мұны естіген Жидекең: «Сеңкең қылышын қынынан суырды дегенше, жау жапырылып қырылды десейші», — деп сөз тастайды. Бұл əңгіме де ел аузында сақталып қалған. Айтса, айтқандай-ақ, Сеңкібай батыр жеңіспен оралыпты.
«Жидебай батыр» жырында мынадай жолдар бар:
Сен Шүршіттің Сезені,
Таласымыз Алатаудың кезеңі.
Сен қазақты үш шаптың,
Сонда да қазақта қалды
Сарыарқаның өзені.
Үзіндідегі соңғы үш жол Орта жүздің Арқаға қоныстанғаннан кейінгі мерзімін мегзеп тұр. Яғни, жырдың айтуы бойынша, жоңғарлар Сарыарқаға үш рет шүйілген, бірақ бəрі нəтижесіз аяқталған. Біздің айтқанымыз соның алғашқысы. Екінші шабуыл 1734 жылы болған. Оған бірізді болып келген тарихи деректер дəлел. Бірақ Арқаға тағы да тісі батпайды, оның есесіне Оңтүстік өлкенің басым бөлігі жоңғарлардың қарамағына өтеді. Зерттеуші Б.Жұмақаева: «Қалмақтардың жойқын шабуылы өте-мөте Жетісу жеріне ауыр тиді. Өйткені Ұлы жүз қазақтарының қаһарлы жауға тойтарыс беруге күштері жетпеді» деп жазса, М.Тынышбаев та: «Старшая отступила к Ташкенту и подчинилась калмыкам» деп тұжырым жасайды [4; 88]. Жетісуды бағындырғанымен, Арқаны ала алмаған Қалдан Серен қатты қапаланып, жəрдем сұрағанда қару-жарақ бермедің, көмек көрсетпедің деп шамалы күш жинап алған соң екі жылдай Қытаймен жағаласады. Бірақ бұл оған соншалықты пайда əкелмейді: «В это время Галдан Серен воевал с китайцами, с которыми в 1739 году вынужден был заключить мир, из-за чего он потерял почти половину своих владений» [4; 93] деп М.Тынышбаев айтқандай, біраз шығынға ұшырайды. 1731–1734 жылдардағы жоңғарлардың жойқын шабуылын тоқтатып, əскерлерін талқандаған Абылай мен оның төңірегіне топтасқан батырлардың ерлігі ел ішіне тез та- райды. Көпшілік Абылайға бет бұрып сенім арта бастайды. Тіпті оны хан ретінде мойындаушылар да көбейеді. Аға буын Қабанбай, Бөгенбайлармен қоса жас буын Олжабай, Жидебай, Сеңкібайлардың да есімі жарқырай түседі. Абылай да жіті қимылдап, əрекеті мен бейімделігіне қарай сарбаздарды ша- буыл əскерлері, қорғаныс əскерлері, барлау əскерлері деп бірнеше топқа жүйелейді. Жидебай 5 мың қолдан тұратын барлаушы топтың басшысы болып тағайындалады. Əр рудың өкілі ретінде 90 батыр, арасында Жидебай да бар, жасы 60-ты алқымдаған Шақшақ Жəнібекті басшы етіп, кеңес құрып, бəтуаласып, Абылайды хан ретінде қабылдаймыз деп серттеседі. Бұл мəселе турасында Шəкəрім бы- лай деген: «По его благословению был избран Абулмансур старшим ханом казахов. В память о по- единке с Чарышем народ присвоил ему имя Абылай. Ханом всех казахов Абылай стал в 1735 году». Ресми түрде ақ кигізге салып көтермесе де, осы уақыттан бастап Абылай халықтың алдында хан ретінде таныла бастайды. Қалданның үшінші шабуылы 1741 жылы жасалды, 1739 жылы Қытаймен бітімге келгеннен кейін екі жылға жуық мерзімге Арқа өңіріне жансыздарын жіберіп, ішкі тыныс-тіршіліктен мəліметтер жинайды. Əсіресе Абылайдың жайлауын, көшіп-қонып жүрген жерлерін, іс-əрекеттерін, сондай-ақ қазақ батырларының қимылдарын, əскерлерінің санын топшылып алған ол Орта жүз қазақтарының Абылайға бет бұрғанын аңғарады. «Басшысы жоқ ел жетім» деген халық нақылын нысанаға ұстанған Қалданның негізгі көздегені Абылайды қолға түсіру еді. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, сол жылы ханды тұтқынға алады. Бұл жайында академик С.Қасқабасов өзінің Аңызға айналған ардағымыз» деген ғылыми мақаласында жан-жақты дəлелдеп айтқан (Егемен Қазақстан, 28.05.2013.). Осы жағдай жоңғар ханына Арқаға еркін кіруге үлкен жеңілдік туғызды. Нəтижесінде ол Орынбор жақтағы шекараға дейін барып қайтады. 30 мың əскерімен келген Қалдан қазақ даласында қатты қарсылықтарға кезіге қоймайды. Өйткені қазақтың би батырлары тұтқынға түскен Абылайға қатер келер деп ашық айқасқа шықпады. Бұл жағдай Абылайдың босаған 1743 жылға дейін созылды.
1745-жылдың, Қалдан Серен өлген жылы, Абылай əскерлерімен оңтүстік өлкені азат етуге атта- нады. Ол туралы тарихшылар былай деп жазды: «Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ əскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартып, Түркістанға таяп барды. Бөгенбай басқарған əскерлер Созақ пен Сайранды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне таяу барды. Жəнібек батырдың əскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сағасына шегіндірді. Амалы таусылған Цеван Доржи Абылайдан бітім сұрауға мəжбүр болды» [6]. Осы соғыста Жидебай батырдың аты аңызға айналды. Бесмыңдыққа қолбасы болған ол көпшілік жағдайда шайқасты бірінші болып бастауға қатысады да, тұрақты түрде жеңіске жетіп отырады. Созақ пен Сайрамды азат еткен кездегі ерліктері мен тапқырлықтары арқасында «Жолы болғыш Жидебай» атанады. Қос түлкісі туралы əңгімелер де осы кезде туындайды.
Жеңісті орнықтыру мақсатында екі жылдай Оңтүстікте болған Абылай Арқаға келген соң қайта күш жинап, 1750 жылы Аягөз бағытына аттанады. Бұл жоңғарлармен болған соңғы соғыс еді. Аягөз маңында болған шайқаста Бөгенбай батырдың қолдауымен үш күн қатарынан жекпе-жекке шыққан Жидебай батыр оннан астам жоңғар батырларын жер жастандырып, тағы да өзінің атын асқақтатады. (Ел аузында қалмақтың 21 батырын өлтірген деп айтылады. Бірақ бұл фольклорлық сарынға жататын болғандықтан, біз шамамен алғанды жөн көрдік). Абылайдың ақ туының астына топтасқан, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақтың сайыпқыран батырлары 1754 жылы толық жəне түпкілікті жеңіске жетіп, жоңғар мемлекетін тізе бүктіреді. Бұл үзік-үзік болса да қаншама ғасырларға созылған соғыстың соңғы түйіні болды. Жоңғар қақпасының түбінде болған соңғы шайқаста мыңға тарта жоңғарлар топ-тобымен тұтқынға түседі. «Осы тұтқындағыларды не істейміз?» деген сұрақ туындағанда Жидебай батыр ханның алдында бас қосқан жиында мынадай ұсыныс тастайды: «Жау-шайқас даласында кісəпір, тұтқынға түссе мүсəпір, майданда оларды өлтірген сауап, тұтқында тəубесіне келтірген сауап, серт алып босатқан жөн!». Көпшілік осы тоқтамға келіп, олардан қазақпен соғыспаймыз деген серт алып, босатады. Бұл əңгімеден біздің байқайтынымыз, Жидебай батыр ғана емес, халықтың қайраткері сая- саткер болғандығы. Ол кезең жоңғарлардың да тұйыққа тірелген кезі еді. Енді Абылай хан жоңғар еліне көмек беруге кіріседі. Өйткені қытай тəрізді үлкен империялық мемлекетпен арада дəнекер болып, бөліп тұратын бір ел қажет еді. Ол туралы М.Тынышбаев былай деп жазды: «В 1755 году с помощью Абылая и китайского императора Амурсане удалось овладеть всем Калмыкским государством. В том же году произошло восстание Амурсаны. Он вероятно напал на китайское войско, истребил его и опустошил пограничную область — Хами. Кытайский импера- тор послал сильное войско с приказом уничтожить калмыкский народ: и действительно, китайцами было перебито до 1 миллиона душ джунгар без различия пола и возраста» [4; 138]. Бұл Жоңғар мемлекетінің күйреуі еді. Оны «Қазақстан тарихында»: «1755 жылы Қытай империясы жоңғар жеріне басып кірді. Нəтижесінде жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кеткен болатын. Осыдан кейін көп кешікпей Жоңғар мемлекеті 1758 жылы біржолата құлады. Кезінде дүрілдеп тұрған жоңғар мемлекетінің орны жермен жексен болып, күлге айналды», — деп көрсетеді. Жоңғар жойылғаннан кейін қазақ елі қытаймен шекаралас болды. Шəкəрімнің жазуы бойынша, 1757 жылы Абылай хан мен Əбілмəмбеттің Əбілфайыз деген баласы екі елдің арасына достық қарым- қатынас орнату үшін Пекиндегі қытай императорына келеді. Бұл дерекке сүйенер болсақ, Жоңғария 1756 жылы құлаған болып шығады. Қалай десек те, екі елдің бірден келісімге келе қоюуы мүмкін емес еді. Өйткені қазаққа жайлау керек болса, қытайға жер керек еді. Жоңғар мемлекетінің қоныстарын иелену барысында қарулы қақтығыстар басталды. Қырғиқабақтың қай жылдары болғандығын тап баса айту мүмкін емес. Дегенмен, 1756–1764 жылдардың арасы деп топшылауға болады. М.Тынышбаев жазады: «После уничтожения Джунгарского царства казаки Средней и Стар- шей Орд двинутся на восток и заняли кочевьями огромное пространство до Алтайских гор и района г.Кульджи» [4; 196]. Бұл қытайларға ұнай қойған жоқ. Соғыс бірден басталған жоқ, алдымен қоқан-лоққы танытқан қақтығыстар болды. Қаншама жылдарға созылған шапқыншылық кезінде əрі шыныққан, əрі ширыққан қазақ əскерлері де осал емес еді.Ш.Уəлихановтың айтуы бойынша, қытайлармен шайқаста туған толғау былай баяндалады.Бір жылы Абылай жауға аттанады, бірақ жаумен бетпе-бет кездескенде жау қолының көптігін көріп, кейін шегінеді, жолда тамақтанып отырғанда Абылай қасындағы жырау серігі Тəттіқарадан:
– Осы жорығымызды қалай дер едің, — дейді, сонда ол:
Кебеже қарын кең құрсақ,
Артық туған Абылай,
Көтере гөр бұл істі.
Көп қытайдың жылқысы
Тұрымтайдай құнысты,
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ.
Əншейін еңкейе бере жылысты.
Бəсентин Сырымбет
Оқ жібере ұрысты.
Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көрмессің.
Бұрылып жауды шанышқанда.
Хан қамшысын таянып отыр екен, жырауды тыңдап болған мезгілде қамшысы түсіп кетіпті.
Уа, Тəттіқара, — депті хан, — ел бетін көрер жерім қалмаған екен ғой. Жүр, ер бағы үшке дейін сынайды деген, қайта барайық, — деп аттаныпты. Бұл жолы істері оңға басып, жауды жеңіп қайтыпты делінеді.
Бұл мысалға қатысты екі мəселені айтуға болады. Алғашқысы толғау толық емес. Өйткені ол кездегі ақын-жыраулар өздерінің туындыларын суырыпсалып шығарып домбыраның, қобыздың сүйемелдеуімен орындаған. Жоғарыдағы жолдарды мақамға алып айтса, 40–45 секундтың ішінде аяқталып қалады. Ал, толғаушы ақын кем дегенде үш-төрт минуттық жыр айтуға тиісті. Яғни толық толғаудың көлемі 50–60 жолды құрауы керек. Жəне ой аяқталмай тұр. Біраз батырлардың еркін қимылдары тасада қалып қойған, түйін жоқ. Екінші мəселе, Абылай əр шабуылдан кейін əскербасыларымен, ақын-жырауларымен, билерімен бас қосып нəтижесін шығарып отырған.
Мына мысал соның бір дəлелі. Бірақ тағы да толық қамтылмаған. Тарихи деректерге сүйене отырып топшыласақ, бұл қазақтың қытай əскерлерімен алғашқы кездесуі тəрізді, қашып келіп Абы- лайды паналаған Əмірсананы ұстап беруін талап еткен Қытай елшілігі мен əскерлерінің Ертістің бойына келгендігі тарихи еңбектерде айтылады. Бес мың əскерімен жүрген Абылайдың ашық соғысқа бармай, кейін шегінгені де бар. Бұл мəселеден хабар жеткен соң Олжабай, Жидебай, Сеңкібай бастаған əскери қосындар келіп жетеді де, мəслихат құрады. Ел аузындағы əңгімеге қарағанда Сырымбет батыр айтыпты:
Жоңғарды жойдық, соғысуды қойдық деп бел шешіп жайғасуға бет бұрып едік, болмады, мына жауымыз іргелі екен, — депті. Əрине, қытай отыз-қырық мың қолмен келетін жоңғар емес, кем де- генде жүз мың қолмен келген болуы керек. Жəне ол кезде қытайларда отты қарулары да болған. Сырымбеттің сөзіне Жидебай батыр:
Жауымыз іргелі болса белгілі болды, іргесіз жау емен ағашқа емінеді, іргелі жау күнде семіреді. Қашсақ — қор болғанымыз, соғыссақ — зор болғанымыз, көршің жаман болса, бас исең де, бекіспейді, көршің жақсы болса, шекіссең де кетіспейді. Алдымен күш санасып байқасып көрейік, ерегіске іліксек шайқасып көрейік, басқа түскен баспақшыл, жеңсек алармыз, жеңілсек тағы да бір амалын табармыз, — деп жауап беріпті.
Осылайша басталған қақтығыстар бірнеше жылға созылды. Қазақ қосындары саны жағынан аз болғанымен ұтымды тəсілдерді қолдана отырып, қытай əскерлерін тоқтатып қана қойған жоқ, ығыстыра бастайды. Бұл жайында «Қазақстан тарихының» үшінші томында XVIII–XIX ғасырлардан жеткен жазбаларды қолдана отырып, былай деп айтқан: «XVIII ғасырдың 60–70-жылдары қазақтардың, əсіресе Орта жүздің Керей жəне Найман құрылымдарының қытай шегаралық əскерлерімен қарулы қақтығыстарға түскен кезі болды. 1760 жылы император Цян-Лун əскери кеңестің ұлықтарымен қазақтардың Алтай мен Тарбағатай аумағына көшіп келуіне байланысты жағдайды талқылады, сондай-ақ «оларды тежеу оншама оңай емес» деп қынжылды». Бұл жерде екі мəселені аңғарамыз, біріншісі қытай мен қазақ арасындағы қақтығыстың басталғандығы туралы мəлімет, екіншісі қазақ əскерлерінің шыныққан, тəжірибелі болғандығының көрінісі. Бірақ іс мұнымен аяқталмаған. Тарих кітабында: «Бірнеше жыл бойы күрес жүргізілгеннен кейін ғана қазақтар Алтай мен Тарбағатайдың тамаша таулы жайылымдары мен алқаптарын біржола қаратып алды» деп жазды. Яғни, екі ел арасындағы қақтығыс бірнеше жылға созылған жəне батырлары бастаған қазақ əскерлері басымдылық танытып, аталған жерлерді өздеріне қаратқан. Осы жағдайды мойындай отырып, қытай императорының Абылайға жазған хаты да бар. Онда: «Сендер, қазақтар, біздің жерімізге бірнеше жыл ішінде біртіндеп көшіп алдыңдар. Сенің халқыңа бос жатқан жерлерде көшіп жүруге мүмкіндік туғызу үшін қазірдің өзінде бұйрық берілді», — деп баяндалған. Қытаймен арада болған соңғы шайқас туралы жақсы дерек Қазыбек Бек Тауасарұлының жазбасында берілген. Түсінікті болу үшін сол деректен үзінді келтіргенді жөн көрдік: «Осындай Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбайдың ту деген түкірігі жерге түспей, қылышынан қаны тамып, ғалапқа жетіп, көңілдері тасып отырғанда, Айдынсу бойынан тамызда қытайлар шабуыл жа- сады. Бір қызығы, қытай əскерлерінің көбі жаяу. Шамасы олар атты көп қаламаса керек. Олар қалмақтар сияқты жекпе-жекте сұрамайды. Əйтеуір атыс, шабыс. Алғашқы күні қытай əскербасы Фуде біздің жасақты қырып, əжептəуір жеңіске жетіп, бізден біраз адам өліп қалды. Оның басты себебі ат үстіндегі адамды ату оңай. Астындағы қимылдап тұрар ат емес, қара жер, табаны орнықты болған соң оларға ату оңай болды. Екі-үш күннен кейін қазақтар оның да есебін білді. Түрегеп жүргенін қылышпен шауып, жата қалғанын найзамен түйреді. Осы Талқы маңындағы соғыста Бөгенбай қолы ерекше көзге түсті. Бергі жағынан Қабанбай мен Наурызбай қолы жеткен соң олар қытай əскерін Үрімшіге дейін түре қуды. Жеңіліп бара жатқан қытайлар: «Біз сендерді қалмақ екен деп қалдық» дегенді айтып шегіне берді де, оның үстіне Қытаймен ұрысу оңайға түспейтінін білген Абылай қытай шахары Бежинмен келіссөз жүргізіп, күзге қарай ақыры қытайлар жоқ болды». Міне, осы шайқаста да ерлігімен ерекше көзге түскен Жидебай батыр болды. Қытай əскерлерін Үрімшіге дейін шегіндіргенде алдыңғы саптағы айбарлы батырлардың бірі Жидебай еді. Үрімшіден 14 шақырым жердегі екі тауды жалғастырып жатқан кезеңді Жидебай асуы деп атай- ды. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, осы кезеңнің үстінде тұрып, Жидебай билік айтқан екен. Қытайлармен шайқаста жеңіске жеткен Абылай мақтанып, батырларын жинап, не істеу керектігі жөнінде кеңес құрыпты. Бір тобы соғысты жалғастыруды сұраса, енді бірі тоқтау сұрапты. Сонда Абылай түйін сөзді Жидебайға ұсынады. Батыр:
Уа, ханым Абылай!
Сабыр, сабыр, сабыр-ай!
Шүкіршілік еткейсің,
Алланың берген бағын-ай!
Кешегі күні Ойратты,
Ойсырата жеңдің.
Бүгінгі күні Қытайды,
Ығыстырып Үрімге келдің,
Адымың алшақ екен,
Маңдайың шалқақ екен,
Күшіңе қарай мақтан!
Найзаң мұқыл екен,
Садағың тұқыл екен,
Қамаған жауыңнан сақтан!
Əскерді текке үйірмей,
Жау-дұшпанға иілмей,
Шешіміңді айт!
Мұнда белгіңді тастап,
Мені тыңдасаң батырларыңды бастап,
Арқадағы еліңе қайт! - деген екен. Хан осыны мақұл көріп, құрбандыққа ақбозат шалып, ас беріп: «Мынау кезең Жидебай асуы деп аталсын, қытаймен қарым-қатынас осы асу арқылы жүзеге ассын» деп жарлық айтыпты.
Сонымен елге оралған Абылай Қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнатуды басты мақсаттардың бірі етіп, қолға алады. «Қазақстан тарихында» мынадай мəлімет келтіреді: «Абылай ақсақалдардың алқа кеңесін шақырып, қытаймен соғысты соза беруге болмайтынын, халықтың азып-тозып кеткенін айтып, Цин əкімдерімен елшілік қатынас орнату мақсатында Пекинге адамдар жіберді». Бұл мəселе өзге де тарихи еңбектерде айтылады. «Қазақстанның жаңа жəне қазіргі заман тарихы» кітабында:
«Қытай империясы талай шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды» деп жазуына қарағанда қытайлардың шабуылына тойтарыс беріліп отырған, сонымен қатар ішкеріліп кеткендігі де аңғарылады, сайып келгенде, қазақтарды жаулап алу мүмкіндігі жүзеге аспаған. Осы орайда қазақ қосындарына басшылық жасаған халық батырларының зор еңбек сіңіргендігі айқын əрі анық мəселе. Солардың бел ортасында Жидебай батырдың да болғандығы ақиқат. Ал тарихтың айтуы бойынша:
«Қытай мемлекетін жеңудің оңай емес екендігін түсінген Абылай хан онымен бейбіт келісімге келіп, сауда-саттыққа жол ашып, Ресей империясына қарсы қолданған». Бұл əрекеттер Абылай ханның ақылдаса отырып жасаған ұтқыр саясатының негізінде жүзеге асқан еді. Алдында жоңғарды жеңген елдің рухы көтерілген еді, батырларының бірлігі артқан кезі еді.
Шəкəрімнің жазуы бойынша, қытай еліне барған елшілерді Абылайдың өзі бастаған. Ал өзге тарихи еңбектерде Абылайды барды деп айтпайды. Қалай десек те, қазақ елшілерінің Жидебай асуы арқылы өтіп Цин империясына елшілікке, бейбіт қарым-қатынас орнатуға барғандығы анық. Қытай мемлекетінің басшылары да елшілерді жылы қабылдаған. Өйткені Ресей мен екі араға дəнекер болатын бір ел оларға да қажет еді. Нəтижесінде елшілер Абылай ханға «уан» дəрежесімен 12 батырға «тархан» атағын алып оралады. Мұндағы «уан» сөзі, сондай-ақ орыс тіліндегі «ван», қазақтардағы «хан» бір негізден шыққан тəрізді. Ағылшын тіліндегі «уан» «бір» деген ұғымды білдіреді. Яғни, «уан» дəрежесі елдегі немесе мемлекеттегі бірінші адам деген ұғымды беретін сияқты. Осы елшілік туралы М.Баймұханов та өзінің «Абылай заманы» деген еңбегінде жан-жақты жазған. Енді Цин императорының жазған хатына назар аударайық: «Қазақияның ханы Абылайға! Күн патшасының елінің императоры сізге өзінің басқа елдің патшаларына көңілі түсе бермейтін мархабатты шапағатын тигізіп, өз қанатының астына алады. Жоңғар қақпасындағы жағдай Шың əскерлері мен сіздердің əскерлеріңіз арасындағы қақтығыстан Қытай жағынан он мыңнан астам адам өлген. Бірақ ескертпестен өздеріне жоңғармен соғысу оларға тапсырылғанымен, күн тұман болғандықтан, олар сіздің жеріңізге ойламай барып қалған, яғни, жоңғар əскерімен сіздің əскерді шатастырып алған. Келешекте бұл екі жаққа да үлкен сабақ болу керек. Сарай тарихын шежірелеткенде бұрындары да сіздің тайпалар мен осындай қақтығыстар бірнеше рет болған екен. Біздің айтайын дегеніміз, бүлініп, түзеуге келмейтін ештеңе жоқ. Сіздердің мемлекетті нығайту жөнінде атқарып жатқан жұмыстарыңыз бізді бір жағы күшті көрші жақсы деген ойға жетелеп,қуантады. Екінші, сіздердің қамал бұзатын жəне қорғайтын қарулар мен жүз зеңбіректі сатып алуға даяр екендеріңізді бізді бір жағы сүйсінткенімен, бір жағы шошытты. Өйткені ол зеңбіректердің өзімізге қарай оқталып атылмасына кім кепіл? Күн асты елінің сарайындағы ақылды адамдары бұл мəселемен айналысып жатыр. Егер реті келсе, оған да ие болып қаларсыздар. Жоғары айтқанымызбен бірге Һəм айтарымыз, арамызда тіпті де ештене болмағандай сезінейік. Сонда біздің жауларымыз да бізге тиісе алмайды.
Қадірлі Абылай! Сізге «Ван» атағы берілген қағазды арнайы алтын жазумен кейінірек біздің елшілер апарады, ал сіздің мына төмендегі кісілерге — батырларға «Тархан» жоғары атағын беру туралы сіздің бізге мəлім қылған өтінішіңізді үлкен ыждаһатпен орындағанымызға қуанамыз.
Жəнібек Шақшақұлы.
Қабанбай (найман).
Бөгенбай (қанжығалы).
Сеңкібай (қаракесек).
Қараменде (қаракесек).
Жидебай (қаракесек).
Жарылғап (қаракесек).
Олжабай (қаржас).
Жасыбай (қаржас).
Райымбек (шапырашты).
Наурызбай (шапырашты).
Есет.
Бұдан басқа сауда-саттық екі ел арасындағы мəселелер жөнінде елшілер алмасып тұру жайы бұрынғыша». Тархан есімін алған батырлардың бел ортасында тағы да Жидебай батырдың есімінің тұрғандығын көреміз. Яғни, бұл əрі батыр даңқының асқақтығын, əрі Абылай төңірегіндегі белді батырлардың бірі болғандығын аңғартады. Абылай хан туралы зерттеуші-ғалым А.Левшин былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отыра ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мəжбүр болғанымен, шын мəнінде ешкімге де бой ұсынбаған тəуелсіз басшы болды». Осындай дербестікке қол жеткізуге себепкер болған қазақ халқының өр тұлғалы азаматтары еді. XVIII ғасырдың 70-жылдары қырғыз елі Түркістан өлкесіне шабуыл жасап, мал барымталап, ауылдарды талан-таражға салады. 70-жылдардың соңына қарай Абылай хан батырларымен аттанып, қырғыз əскерлерін жеңіп, қолбасшысы Садырбаланы тұтқынға алады. Түркістан, Сайрам, Созақ қалаларын босатады, келер жылы Ташкентті бағындырады. Осы шайқастарда да Жидебай батыр Абылай ханның қасында болды. Үлкен жеңістеріне жетуіне себепкер болды. 1771 жылы Абылай ресми түрде ақ киізде көтеріліп хан сайланғаннан кейін тұрақты түрде ел ішіне шолғыншылар жіберіп жай-күйді білім отырған. 1773 жылы Балқаш көлінің арғы бетіндегі (оңтүстік жағы) Қарақожа елінің наразы болып, салық төлеуден бас тартқандығынан хабар алған хан 500 қолмен Жидебайды жіберген. Əрине, өзі өмірге келген өлкенің аясында жатқан Балқаш көлінің əр ой шұңқырынан толық хабардар болған батыр көлдің жан білмейтін өткелінен əскерді келесі бетке алып шығып, Қарақожаны бағындырып қайтады. Қариялардың айтуы бойынша, бұл өткел қазіргі Шашубай мен Саяқ мекендерінің орта тұсында болса керек. Осы дерекке орай ел ішіне тараған аңыз да бар. Алғашқысы мынадай. Түнде өткелден өтіп бара жатқанда Жидекең кездігін түсіріп алады. Бірақ уақыт тығыздығынан қарайламайды, арғы жаққа өтіп, Қарақожаны бағындырып, қайтып келе жатқанда бір тұсқа келіп, тоқтайды да су ішіне найзасын қадап жіберіп: «Осы найзамның ұшы қадалған жерде кездігім жатыр, алып беріңдер!», — депті. Бір жігіті атқып түсіп, суға қолын малып қараса, найзаның ұшы кездіктің сабын түйреп тұр екен дейді. Бұл əңгіме көрегендіктің, шатаспай ай- татын нақтылықтың белгісін танытып тұр. Яғни Жидебай батыр, қандай жағдайда болмасын дəл көрсетіп, тап басып айтатын адам болған. Екіншісі, жасы тоқсанға келген шағында қос жанарынан айырылып, зағип болады. Сонда батырдың өзі айтқан екен:
Жасымның жүзге жеткені
Алты Алаштың алғысы.
Қос жанардың кеткені
Қарақожаның қарғысы.
Бұл, əрине, аңыз. Бірақ аңыздың астарында белгілі бір деңгейде ақиқаттың да жатқандығы рас.
Əдебиеттер тізімі
Бекмаханов Е. Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы. — Алматы: Ғылым, 1993. — 55-б.
Бекқожаев М. Кенесары хан. — Алматы: Жазушы, 1999. — 12-б.
Көпеев М.Ж. Қазақ shezhire. — Алматы, 1993. — 54-б.
Тынышбаев М. Великие бедствия. — Алматы,
Артықбаев Ж., Жакин М. Шет өңірінің тарихы. — Қарағанды: Болашақ-Баспа, 1994. — 96-б.
Жұмақаева Б. Қазақстан тарихы. — Алматы, 2010. — 87-б.
Автордың аты-жөні, тегі: М.І.Əбдуов, М.Қ.Жүнісова
Тег: Батырлар
Журнал: Қарағанды университетiнiң хабаршысы
Жыл: 2014
Қала: Қарағанды
Категория: Филология