«Тарихи күнтізбенің» кезекті саны Балқаш қаласының есімі елге белгілі азаматтарының бірі В.И.Язевтің туғанына 110 жыл толуына арналды. В.И. Язев – "Прибалхашстрой" трестінің басқарушысы, Социалистік Еңбек Ері. Ол 1934 жылы Қазақстанға Балқаш комбинаты мен болашақ қаланың құрылысына Мәскеу индустриалды-құрылыс техникумының жіберілген 100 түлектің қатарында болды. Д. А. Қонаев өзінің «О моем времени» кітабында В.И. Язев туралы былай деп еске алады: "кентпен бірге тұрғын үй, бөбекжай, балабақша, аурухана, клуб, жылу орталығы, дүкендер салынды. Бұл нысандардың құрылысы Мәскеу құрылыс техникумының түлегі, өзіндік сипаты бар дарынды ұйымдастырушы В.И. Язевтың басшылығымен жүргізілді. 1948 жылы В.Язев "Балқашстрой" трестінің басқарушысына тағайындалып, 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді". Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды, Балқаш қалаларының құрметті азаматы марапаттарымен бірге Балқаш қаласында В. И. Язевтің есімімен аталған көше де бар.