Жиырма жылға жуық бойына үзбей өткізіліп келе жатқан колледж студенттері арасындағы тарих, этнография және өлкетану білгірлерінің биылғы «Бабалар мұрасы – халық қазынасы» білімдарлық сайысы Балқаш қаласының 85-жылдығына арналды. Сайыстың бағдарламасы биылғы жылға дәл келіп отырған Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына 220 жыл, Тоқырауын-Балқаш өңірінің тумалары, әнші, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі К. Байсейтованың туғанына 110 жыл және күйші-композитор, Қазақ КСР халық әртісі М. Хамзинның туғанына 95 жыл толуына орай құрылды. Сайыскерлер осы бағыттарда қойылған сұрақтарға жауап беріп, келесі кезеңде қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық заттары мен ат әбзелдерінің атқаратын функционалдық қызметі туралы білімдерін көрсетті, капитандар жеке сайыста қала тарихы мен салт-дәстүрлер жайлы блиц-сайысында бақ сынасты. Студенттер жарыс тақырыбына сай білімдарлығы мен өнерін, өзіндік ерекшеліктерін, ұйымшылдығы мен тапқырлықтарын көрсете білді. Нәтижесінде, І орынға Балқаш көпсалалы колледжінің тобы ие болса, екі ІІ орындарды Балқаш медициналық колледжі мен Ә. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі, ал екі ІІІ орындарды «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжі мен Балқаш сервис колледжінің топтары өзара бөлісті. Жеке көрсеткіштер бойынша Балқаш көпсалалы колледжінің студенті Әшім Ернат «Ақылымен қанат қаққан», «Қазақмыс» политехникалық колледжінің студенті Естай Еркеназ «Халықтық дәстүрлі мұраны көрсетудегі озық ойы үшін» номинациялары бойынша жеңімпаздар деп танылды. Жеңімпаздар мен қатысушылар «Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» сертификаттарымен марапатталды.