Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінде 5 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылау мақсатында сұхбат өтті.
Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді. Шара барысында жүргізуші шара аудиториясын құраған № 16 лингвистикалық орта мектебінің 9«Б» сыныбының оқушыларына «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңдері, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі қағидалары, мемлекет дамуындағы негізгі тарихи оқиғалар жайында атап өтті. Шара соңында бейне-презентация көрсетіліп, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың кітаптарымен таныстырылды.