Шілденің 13-нен бастап «Балқаш өңірінің өлкетанушылары. К.Ы. Сардарбек» тақырыбымен көрме ұйымдастырылды. Күләш Ыбыжанқызы өзінің еңбек жолын 1956 жылы мектеп мұғалімі болып бастаған. Одан кейін Балқаш қаласы АХАЖ бюросының меңгерушісі, сонымен бірге Балқаш телеорталығының жүргізушісі болып қызмет атқарды. 1972 - 1985  жж. Күләш Ыбыжанқызы Балқаш қаласының тарихи музейінің іргесін қалауға ат салысып, осы музейдің директоры болып еңбек етті.1985 - 1988 жж. қалалық мәдениет бөлімін басқарды. Кейінде К.Сардарбекова «Балқаш өңірі» аймақтық газетінің ұйымдастырушысы болып, соңынан осы газеттің редакциясында бөлім басқарды, Тоқырауын аудандық әкімшілігінің  ішкі саяси бөлімінің басшысы болып қызмет етті.


К.Сардарбекова «58-статья зарзаман» кітабы, «Бижанның Қасенi», «Ағыбай батыр», т.б. деректі очерктерінің авторы, оның өлкетану бағытындағы 300-ден астам мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жарияланған.


Күләш Ыбыжанқызы Балқаш қалалық Халық депутаттары Кеңесіне екі рет депутат болып сайланды. Ол өз кезіңде КСРО, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының журналистер Одағының мүшесі, халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивалінің лауреаты, белгілі тарихшы әрі өлкетанушы, сан қырлы еңбекқор жан.  


Көрме сөрелеріне қойылған материалдар келушілерді өлкетанушы, журналист Күләш Сардарбектің қызықты оқиғаларға толы ерен еңбек жолымен таныстырады.