Қалалық «Наурыз мейрамы - 2018» бағдарламасының аясында, ғасырлар бойы сақталып бүгінгі күнге дейін жетіп, бізге мұра болып қалған қазақтың материалдық мәдениетінің кереметтей көрінісі болған қазақтың ұлттық киімін жаңғырту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Наурызға көрік берген - ұлттық сән» этнографиялық байқауы қаламыздың орталық алаңында өткізілді. Ұлттық киімдер байқауына қалалық оқу орындары, еңбек ұжымдары, барлығы – 6 команда қатысты. Қатысушылар өз композицияларын нақышына келтіріп, сәнді – әуенді түрде ұсына білді. Костюмдер байқауын бағалау барысында оның жасалу техникасы мен ою – өрнектерінің халықтық дәстүрге, тақырыпқа сәйкестілігі және ұсынылу ерекшеліктері ескерілді. Байқау қорытындысы бойынша, ең жоғары бағаға Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі, «Балқаш Универсал» ЖШС және «Қазақмыс Смэлтинг» ұжымдары ие болды. Барлық қатысушылар Балқаш қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұсынған бағалы сыйлықтарымен және дипломдарымен марапатталды.