26 ақпанда Қоңырат шағын мөлтек ауданындағы кітапхана залында осы мыс кен орнының ашылғанына 90 жыл толуына арналған «Қазыналы Қоңырат» көрмесі ашылды.
Көрме стенділерінде Балқаш тау-кен металлургия комбинатының алғашқы шикізаттық базасының айтулы тарихы жайлы сыр шерттетін – фотосуреттер, ресми құжаттар сияқты материалдар орын алды. Кен орнының алғашқы жұмысшылары мен инженерлері – О. Ахметов, К. Саметов, Б. Тоқабаев, Ж. Исмағұлов, С. Мәмбетов, А. Мәмбетов, С.И. Горбунов, С. Мәтбаева,Социалистік Еңбек Ері Ф.Е. Герман,Балқашқұрылыстағы тұңғыш қазақ инженері К. Қадыржанов және жас инженер Д.А. Қонаевтардың суреттері мен алғашқы тұрғын үйлердің, өндірістік-шаруашылық ғимараттарының, әр жылдардағы кен орнындағы қайта құрулар жайлы фотосуреттер және т.б. көптеген деректі жәдігерлер көрме сөрелеріне қойылды. Көрме өз жұмысын қалалық музей залында жалғастырады.