Қазақ халқының тарихи мен мәдениетінің ең бір тамаша беттерін дыбыспен өрген – домбыраны тек қатардағы музыкалық аспап ретінде ғана қарастыру оның қазақ руханиятындағы орны мен рөлін тым қарапайымдандыру болып табылар еді. Домбыра қазақтың тілі мен ата-баба рухын құрмет тұтқан дүниетанымы сияқты оның ұлттық келбетін таңбалап тұратын айшықты мәдени символдық белгілерінің бірі. Ұлттық бас саз аспабының мерекелік күніне орай музейде өткен «Домбыра думан» қызықты кездесулер клубының отырысында бас қосқан қонақтардың пікірі осы көзқарастың аясында тоқайласты. Шара қонақтары Балқаш қалалық мәдени-сауық орталығының қызметкерлері - күйші,әнші Аманжол Шаймерденов жергілікті күйші-композитор Ж. Нәдірбековтың «Балдыз» күйін, ал күйші әрі дәстүрлі әнші Нұржан Жасымхан Е. Үсеновтың «Туған жер» әнін, сонан соң қос өнерпаз дуэтпен Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.