ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда орын алған большевиктік террорлық саясаттың нәтижесінде Қазақ халқының әлеуметтік-мәдени-рухани жағдайы сапалық тұрғыдан түпкілікті өзгеріске ұшырады. Қазақ халқының рухани-интеллектуалдық деңгейінің төмендеуіне, әсіресе қазақ халқының зиялы тобын жою мақсатында іске асырылған саяси репрессияның әсері ғаламат болды. Тоқырауын-Балқаш өңірінің аса көрнекті күйші-композиторы, атақты «58 статья» күйінің авторы, 1930 жылы атылып кеткен А. Сармантайұлының шығармашылығына арналған «Ғасыр саңлағы» қызықты кездесулер клубының отырысында қонақта болған күйшінің шығармашылық өмірбаянын зерттеуші, «58 статья. Зар заман» кітабының авторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Күләш Ыбыжанқызы Сардарбекова, ақын, журналист-өлкетанушы Нұрдос Кәрім, тарихшы мұғалім Бейбітжан Сәрсембековтар осы қандықол саясаттың Балқаш өңіріндегі көрінісі жайлы мәліметтерімен Балқаш қалалық көпсалалы колледжінің студенттерімен бөлісті.