Ел тарихына елеулі үлес қосқан кемеңгер Кемел Ақышевтың туғанына 100-жылдығына орай Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінде «Алтын адам: сақтар мұрасы» тақырыбында лекция өтті. Кемел Ақышев отандық ғылым ғана емес, адамзат дамуына қомақты үлес қосты. Ол ғалым, археолог ретінде Орталық Азия өркениетінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі еңбек етті. Тұтас Еуразия кеңістігіне тараған Сақ өркениетінің айғағы болған «Алтын адамды» зерттеп тауып, Қазақстанды әлемге әйгілеген ғалымның өмір жолы мен тарихта қалған өлшеусіз еңбегі жайындағы қызықты да тың ақпараттармен қамтылған лекцияға Ә.Бөкейханов атындағы №15 мектеп 8-9 сынып оқушылары қатысып, бейнематериалдар мен музей қорында сақталған алтын адам киімінің кейбір элементтерінің көшірмесін көріп танымдық, тағлымы мол деректермен өз білімдерін толықтырып қайтты.