Іргетасының қаланғанына 50 жыл толып, осы уақыт аралағында жас ұрпақтың мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастырудың үлкен жолынан өткен «Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайы» КМҚК бүгінде қаламыздағы қосымша білім беруді, оқу-тәрбие процесін, бос уақытты, ақпараттық-әдістемелік қызметті қамтамасыз ететін, балалардың әртүрлі нысандарда және іс-әрекеттерде өзін-өзі жүзеге асыруына және өзін-өзі дамытуға кең мүмкіндіктер беретін жалғыз көп салалы мектептен тыс ұйым ретінде өз жұмысын үлкен табыстармен атқарып отыр. Оқушылар сарайының 5 бағыттағы 53 үйірмесінде 2654 оқушы оқудан тыс уақытын пайдалы өткізіп отыр, 23 оқу кабинеті, 1 спорт залы, 1 патриоттық залы, 330 адамдық конференц-залы, этно-мәдени орталығы, Балалар технопаркі, методикалық кабинеті, костюмдерді өлшеу залы бар. Оқушылар сарайының балансында Бектауата тауында орналасқан, маусым-тамыз айларында әр ауысымы 15 күннен тұратын жұмыс кестесімен қызмет көрсетіп, ауысымына 220 баланы қабылдай алатын «Жас қанат» балалар демалыс лагері де бар.