Балқаш мырыш заводының іргетасы 2000 жылдың 1 тамызында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен қаланып, құрылысы басталса, 2003 жылы 27 қазанда Нұрсұлтан Әбішұлының қатысумен іске қосылды. Алайда, Ең кедей құрамдағы кенмен жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз мырыш заводы алғашқы жылдары жылына 100 мың тоннадан астам құйма мырыш өндіріп(бірақ олар сапасы бойынша европалық стандарттарға сай болмай шықты), жобалық қуатына жақындап қалғанымен өндіріс жұмысының ұйымдастырылуындағы әсіресе, технологиялық талаптарды дұрыс сақтамаудың нәтижесінде завод 2008 жылы өз жұмысын тоқтатты. Сонымен бірге, завод құрылысын басқарып, оның қатарға қосылуына дейінгі жұмыстарға басшылық еткен техника ғылымдарының докторы, тамаша маман әрі талантты ұйымдастырушы Серік Барлықұлы Садықовтың завод басшылығынан шеттетілуі де завод тағдырының осындай келеңсіз аяқталуына шешуші әсер етті.