Бүгін музейде 1 қазан - Халықаралық қарттар күні мерекесіне арналып жас жеткіншектердің бойына үлкенді сыйлап тыңдай білуге, халқының салт – дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында «Асыл қариялар» кездесуі өтті. Кездесуде екі ұрпақ өкілдері - саналы ғұмырларын тынымсыз еңбектерімен, еліміздің бүгінгі бейбіт-берекелі өмірінің іргетасын бекітуге еңбектері сіңген алдыңғы буын ата- апаларымыз бен Балқаш көп салалы колледж студенттері қатысты. Шараның басталуында жас ұрпақ өкілдері тақырыптық викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы қарияларымыз алдында өздерінің халқымыз тарихы мен ұлттық мәдениетін қаншалықты бойларына сіңіріп өсіп келе жатқандарын көрсетті. Ал қазыналы қарияларымыз өздерінің өмірлік тәжірибелері, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Мәселен, Қоңырша апамыз қамшының қолданылу ерекшелігі, қамшыға байланысты ырымдар туралы әңгімелеп берсе, Рысты апа, Зәкен апа, Жания апалар келі мен келсап пайдалану жолдарын және келсап түюдің адамның денсаулығына қаншалықты пайдалы екені жайлы қызықты деректерін ортаға салды. Ал Нұрсағат апа өз қолынан шыққан құрақ көрпелерін әкеп, құрақтың түрлері, құрақ құрау үшін алдымен не істеу керек, қандай маталар пайдаланатынына тоқталды. Сонымен қатар Нұрсағат апа өз қолынан шыққан құрақ көрпесін, көпшіктерін музейіміздің 50 жылдық мерей тойына тарту етті. Кенжебек ата студенттерге ақ батасын берді. Шара қонақтарына залдарға экскурсия жүргізілді.