Еліміз түсті металлургиясының ірі орталықтарының бірегейі – Балқаш қаласының мәдени ошақтарының қатарында ерекше орны бар Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі 1973 жылы 25 қыркүйекте кейіннен Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Күләш Ыбыжанқызы Сардабекованың басшылығымен есігін айқара ашып, алғашқы келушілерді қабылдады. Күләш Ыбыжанқызының музей қызметін ұйымдастыру ісіне сол кездегі Қазақстанның басшысы Д.А. Қонаевты, Кеңестік археология ғылымының корифейлері академик А.П. Окладниковты, А.Г. Медоевтарды тарта білуі музей жұмысын қысқа мерзімі ішінде жолға қоюға себеп болған еді. Содан бері өткен жарты ғасырлық уақыт аралығында музей қоры тек Балқаш қаласының ғана емес, жалпы Солтүстік Балқаш өңірінің сан ғасырлық тарихының айтулы мезеттерін айшықтайтын сан түрлі жәдігерлердің алтын қоймасына, әрі оларды өңдеп оларды балқаштықтардың рухани азығына айналдыру орталығына айналды.