20 шілде күні музейде ҚазКСР еңбек сіңірген металлургі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ынтықбай Көпбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған орден, медаль куәліктері, құрметті атақтарға ие болған туралы куәліктері, депутаттық билет және тағы басқа материалдар Ынтықбай Көпбаевтың ерлікті де қажырлы еңбегін дәлелдейді. Ынтықбай Көпбаев 1963 ж. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, ұзақ жылдар бойы адал еңбегі үшін «ҚазКСР еңбек сіңірген металлургі» құрметті атағына ие болды (1961 ж.), «КСРО халық шаруашылығын дамытудағы жеткен жетістіктері үшін» күміс медалімен (1971 ж.), «1974 ж. социалистік жарыстың жеңімпазы», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» (1977 ж.) орденімен марапатталған. Көрмеге қойылған құжаттарға сүйеніп, көрермендер аға балқытушы Ынтықбай Көпбаевтың зор еңбек жолына куә болды.