Қазақ халқының этнография және тұрмыс залында қазақ ұлттық зергерлік және сәндік - қолданбалы өнерлеріне арналған жаңа екі витрина экспозициялық жабдықталды. «Қазақ халқының зергерлік өнері» экспозициясының негізгі фоны құлпырған ақшыл көк түсті барқытпен қапталып,көмекші құралдары қызыл қоңыр түсті спандекспен әдіптелді. Бұл түстер асыл металдан жасалған зергерлік бұйымдарды ерекше бөлектеп тұрады. Мысалы, әр түрлі әдіспен жасалған әйелдердің білезіктері трубкаға кигізіліп көріністің алдынғы бетіне сәндік карниздер арқылы шығып тұр. Қиық пирамида пішініндегі екі тұғырға күміс сырғалар мен сақиналар және түймелер қойылған. Бұл экспозиция қазақ зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігі мен қазақ зергерлерінің айрықша туындыларын айқын көрсетеді.

«Қазақ халқының қолданбалы өнері» экспозициясының көркемдік жасақталуында жеңіл жарық пен асыл қоңыр түс қолданылып, жәдігерлерді лайықты орнату үшін шыны тұғыршалармен қоса декоративті элементтер пайдаланды. Мұнда көрсетілген заттардың барлығы жергілікті шеберлердің жұмыстары. Экспозицияның ортасындағы декоративті домбыраны қызыл – сары түсті басқұр таспасы айналдыра көмкерген. Жоғарғы сол жағында қазақ ұлттық ойындары бейнеленген басып соғу әдісімен жасалған қаңылтыр паннолар бекітілген. Шыны тұғырларда жоғарғы оң жақта саздан жасалған кәдесыйлық құмыралар, олардың астында сүйектен жасалған ожау мен ағаш табақ, төменгі сол жағында – үлкен балшық қышқұмыра қойылды. Сонымен қатар, шыны тұғырларда теріден өнделіп жасалған жанторсық пен әйелдің аяқ киімі – мәсі көрсетілген.

Негізінде, жаңадан жасақталған экспозициялар қазақ халқының этнография және тұрмыс залының үйлесімді бөліміне айналып, келушілердің қазақ халқының рухани мәдениеті, тарихы мен ұлттық салт-дәстүрлері туралы білімдерін арттыруда маңызды орын алады.

2012 жылдың І тоқсанында Кеңестік индустриализацияның бірден - бір ірі жобасы БКМК құрылысына тап келген, Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Д.А. Қонаевтың еңбек жолының бастауына арналған «Д.А. Қонаев: Балқаш – жастық шағымның қаласы» тақырыбында, жоспарланған ғылыми – ізденіс жұмысы жүргізілді. Материалдар жинақтау барысында ғылыми жұмыс авторы Балқаш қаласының жергілікті тұрғындары, тарихшы - өлкетанушы К.Ы. Сардарбек, денсаулық сақтау ісінің ардагері Ф.Т. Ахметовамен және т.б. Д. Қонаевтың замандастарымен кездесті. Сонымен қатар, ғылыми жұмысты жазу барысында қалалық мұрағатта, музей қорында (тарихи анықтамалар, 1930-1940 жж. газет басылымдары) сақталған материалдар зерттеліп, мұнымен қоса Д.А. Қонаевтың автобиографиялық жинақтары «О моем времени» (Алма – Ата, 1992 ж.), «От Сталина до Горбачева» (Алматы, 1994 ж.), Д. Қонаевтың үзеңгілестерінің естеліктері «Елу жыл ел ағасы» (Алматы, 2002 ж.), Г. Толмачев «50 встреч с Д.А. Кунаевым» (Алматы, 1997 ж.), 4-5 томдық «Қазақстан тарихы» (Алматы, 1977 ж.) - оқулықтары, БАҚ материалдары және т.б. қолданылды. Нәтижесінде, ғылыми жұмыс тартымды да, мазмұнды болды, мұнда 1930 -1940 жылдардағы аймақтық өндірісті игеру проблемалары қарастырылып, Д.А. Қонаевтың еліміздің мәдени және әлеуметтік - саяси дамуына қосқан үлесі көрсетіліп, музей қорындағы Д.А. Қонаевтың жеке комплексі ғылыми – зерттеу жұмыстарының негізінде қаламыздың тарихи дамуына құжаттай дәлел болатын және мұражайдың ғылыми - экспозициялық қызметінде белгілі бір орын алатын құнды деректермен, материалдармен толықтырылды. 2012 жылдың ІІ тоқсанында «Балқаш қаласының 75 жылындағы мәдениеті және спорты» тақырыбында ғылыми – зерттеу жұмысы бойынша материалдар жинақталуда. Қазіргі таңда жинақталған материалдарға анализ жасалып, ғылыми жұмыс тақырыбы негізінде библиографиялық тізім жасалды.

Ғылыми мақалалар Музей қызметі жайлы ақпарат тарату қызметкерлердің қалалық радиода сөз сөйлеп, облыстық және жергілікті газеттерде ғылыми мақалалар жазу арқылы жүргізіледі. Жарияланған мақалалар арасында ерекше ықыласқа бөленгендері: Д.А. Қожақов. ( А.З. Бейсеновпен бірге) «Орталық Қазақстанның ортағасырлық ескерткіштері», «История и археология Семиречья» ғылыми мақалалар жинағы, 2006 ж.; Д.Н. Абдрахманова «Тайны Бектауата», «Пульс» газеті, 2002 ж.; Д.Н. Абдрахманова «Годы молчания», «Северное Прибалхашье» газеті, 2006 ж.; А.К. Сеильханова. «Павел Григорьевич Амосов». «Координация научных исследований и внедрение инноваций в музейную практику», Ғылыми-практикалық конференция материалдары, Қарағанды, 2007 ж. Өткен жылдың наурыз айында музей директоры А.К. Сейілханова мен аға ғылыми қызметкер Д. А. Қожақов «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл: әлеуметтік – мәдени кеңістіктегі мұражайлардың ролі» атты мұражайлардың Халықаралық конгресіне қатысты. Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша мақалалар хинағы жарық көріп, оған А. Сейілханованың «Музей және мұра», Д, Қожақовтың «Музей қызметіндегі мәдени мұраны сақтау мен насихаттау мәселелері» мақалалары енді.

 

Экспедициялар

 

Балқаш қалалық музей ұжымының ғылыми – ізденіс жұмысының келесі бағыты ҚР «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңының 4 – бабының талаптарына сәйкес міндетті қызметтік құзіретін іске асыру мақсатында ұйымдастырлған өлкедегі этноархеологиялық ізденіс жұмыстарын жүргізу болып табылады. 2010 жылы «Солтүстік Балқаш өңіріндегі этномәдени зерттеу жұмыстары» жалпы тақырыбы бойынша бірнеше шағын экспедициялық ізденіс жұмыстары іске асырылды. Осы жалпы жобалық тақырыптың аясында Солтүстік Балқаштың інжу-маржаны Бектауата тауының аңғарларында орналасқан археологиялық ескерткіштер мен этнографиялық кезеңнің монументалдық ескерткіштерін есепке алып, оларды қорғау-сақтау мақсатындағы шараларды бекіту және өлкеміздің осындай бай мәдени мұрасын көпшілік арасында насихаттау мақсатында «Бектауата: Сарыарқаның табиғи – мәдени феномены» тақырыбы бойынша шағын экспедициясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде өлкенің топонимикалық ерекшеліктерін, ХІХ ғасырдағы өлкенің әлеуметтік мәдени келбетін кескіндейтін тарихи-этнографиялық мазмұндағы материалдар жиналды. Қосымша Бектауата таулы массивінің оңтүстік-шығыс баурайларында орналасқан ежелгі көшпелілердің «Екібастұз - 17», Қараоба қорғандары алдын ала зерттелді. Келесі «Солтүстік Балқаш өңірі шығыс аймақтары көшпелілерінің петроглифтері мен монументалды архитектуралық ескерткіштері» тақырыбы бойынша жұмыс істеген экспедицияның жұмыс маршруты ретінде өңірдің ең аз зерттелген аймағы таңдалып алынды (28.09. – 02.10.2010.). Экспедицияның зерттеу жүргізу маршруты тегін таңдалып алынған жоқ – өйткені нақ осы Солтүстік Балқаштың шығыс аудандары аталған тақырып бойынша ғана емес, жалпы ежелгі және орта ғасырлар тарихы өте аз зерттелген аудандар қатарына жатады. Аталған аймақта соңғы академиялық ғылыми-зертеу ізденіс жұмыстары ХХ ғасырдың 70-жылдары жүргізілген, әрі сол кездің өзінде аталған тақырып жалпы зерттеу бағдарламасынан тыс қалған болатын. Нәтижесінде аса кең хронологиялық кезеңдерді қамтитын бір аймақтың ғана емес, жалпы ел тарихына қатысты тарихтың қатпарлы беттері ғылыми айналысқа енбей, ғылыми қауымның назарынан тыс қалып келгенді. Қысқа уақытқа созылған шағын барлау жұмыстары кезінде Саяқ кенті маңындағы Сулықұдық, Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылдық округі территориясындағы Қызылтас петроглифтердің тамаша галереялары мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтардың ерекше монументалдық архитектуралық ескерткіштері ашылып, алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілді (фото, видео түсірілімдер, қысқаша сипаттамасы). Қазіргі уақытта қолға түскен ғылыми өңдеуден өткізу жұмыстары (шығу тегі, ерекшеліктері, таралу аумақтары жайлы библиографиялық көрсеткіштер тізімін жасау ) мен оларды мұражайдағы көпшілік ғылыми-ағарту шараларын ұйымдастыру кезінде пайдалану мақсатында да өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Музей қорын толықтыру мақсатындағы мұражайлық маңызы бар заттарды сатып алу – жинақтау жұмыстары қала көлемінде ғана емес сырт аймақтарға да шығу арқылы іске асырылып отырылды. Жаз және күз айларында музей қызметкерлері музей қорын толтыруға қажетті мұражайлық маңызы бар заттарды жинақтау мақсатында Орта-Дересін, Саяқ, Бектауата елді мекендері маршруттары бойынша арнайы іссапармен болып қайтты.

 

Ғылыми баяндамалар

Музей ұжымының болашақта жарыққа шығаруға дайындап жинақтаған өлкетанымдық очерктері, анықтамалықтар мен шағын брошюралық топтамалық материалдары бар. 2007 жылы музей ұжымы «Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтынан» бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алды. Ал 2008 жылы музей ұжымы институт экспедициясының құрамында Бектауата территориясында орналасқан көне заман ескерткіштері орнында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. Музей аға ғылыми қызметкері Д.А. Қожақов «Марғұлан оқулар -2008» конференциясында «Орталық Қазақстан археологиялық ескерткіштерінің зерттелу тарихы», Алашорда өкіметінің 90 -жылдық мерейтойына орай өткен республикалық «Алаш қозғалысынан – Алашорда өкіметіне дейін» конференциясында методист С. Қалкенов «ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы саяси репрессиялар: себептері мен салдары», экскурсия жүргізуші Ш. Тойымбекова «Алаш партиясының әлеуметтік- саяси тұғырнамасы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Конференциялар Музей қызметкерлері түрлі конференциялар мен семинарларға белсене түрде қатысып тұрады. 2008 жылы 25-27 наурыз айында Қарағанды қаласында өткізілген Халықаралық «Марғұлан оқулары – 2008» ғылыми конференциясына аға ғылыми қызметкер Д. Қожақов қатысты.

Қарағанды облыстық тарихи – өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ашық Азия – ашық музей» (2005 ж.) Халықаралық фестиваліне және «М. Төрегелдиннің мәдени мұрасы» (14. 04.2007) республикалық ғылыми – тәжірбиелік конференциясының жұмысына музей директоры қатысқан болатын. Есепті жылда Астана этнокомплексы өткізген «День музеев в OnLine» видеконференциясының жұмысына музей экскурсоводтары А.Накипова мен М.Жумажанов қатысып, Ресей экскурсоводтарының жетекшілігімен «Популяризация устоявшихся, традиционных и инновационных методов и форм экскурсоведения» тақырыбында мастер - класс тыңдап қайтты. Одан басқа 2010 жылы музей қызметкерлері қалалық, аудандық конференциялар жұмыстарына белсене қатысты. Мысалы, аға ғылыми қызметкер Д. Қожақов Шашубай Қошқарбаевтың туғанына 145 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен Орталық Қазақстан технология және менеджмент институты ұйымдастырған «Инновациялық – индустриялық даму – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің кепілі» аймақтық ғылыми – тәжірибелік конференциясының жұмысына қатысса, бас қор сақтаушы Ш. Тойымбекова қалалық экологиялық проблемалар мәселесі бойынша өткізілген